Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда билік партиясының өкілдері тұрғындармен кездесті

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2016
  • 1707

Қостанайда билік партиясының өкілдері, тұрғындармен бірге коммуналдық қызметтердің тарифін талқыға салды. Оған тұрғындардың қызмет көрсетуші мекемелерге қатысты келтірген шағымдары себеп болған. Халық «Нұр Отан» партиясынан коммуналдық қызметтердің бағасына бақылау жүргізуді сұрап отыр.

Валерия Кашарина, «Нұр Отан» партиясы Қостанай қалалық филиалының  кеңесшісі:

Жыл басынан бері өңір тұрғындарынан тариф мәселесі жөнінде жүзден аса шағым түсті. Әсіресе, халықтың көгілдір отын, ауыз су, жарыққа қатысты айтар түйткілі көп. Соның ішінде газ бағасының өсуі, жоспардан тыс судың ағытылуы, жарықтың өшірілуі жөнінде шағым көптеп кездеседі. Партия өкілдері бұл мәселеге бей-жай қарамай, тұрғындармен үнемі кездесулер өткізіп тұрады. Қазіргі таңда бұл науқанға Қостанай қаласымен қатар, өңірдің партия бөлімшелері түгел жұмылдырылған.

Кезекті кездесу шаһардағы «Виктория» пәтер иелері кооперативінде өтті. Жиынға тұрғындармен қатар «ҚазТрансГазАймақ» және «Қостанай-Су» кәсіпорнының өкілдері, қалалық тұрғын-үй инспекциясының қызметкерлері мен билік партиясының мүшелері қатысты. Тұтынушылар  көтерген негізгі сұрақ - газ бағасының кезектен тыс өсуі мен көгілдір отынға көрсетілетін қызмет түрін пәтер иелері кооперативінің қарамағына беру. Тұрғын-үй инспекциясының мамандары Қостанайдағы  көппәтерлі үйлердегі газ тораптары  бірнеше жылдан бері ешкімнің иелігінде жоқ екендігін айтады. Яғни апаттық жағдай болса, көгілдір отынның қауіпсіздігіне жауап беретін жан табылмайды деген сөз. Сондықтан газ тораптарын пәтер иелері кооперативтеріне өткізу тұрғындарға да тиімді деп отыр.

Нұротандықтар бұл мәселені өз бақылауына алып, үнемі қадағалау жүргізіп отыратынын жеткізді. Партия заңгері тариф бағасының өсуін заңды тұрғыда түсіндіріп, жиналғандарға пайдалы кеңес берді. Айта кетейік, Тобыл жұртшылығын коммуналдық қызметтерге қатысты алаңдатар мәселе көп. Олар мұндай түйткілдің оң шешім табуы үшін партия өкілдеріне жүгінуді әдетке айналдырған.

Заңғар САНАЙ