Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының павлодарлық филиалы тұрғындардың көптеген мәселелерін шешуде

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2015
  • 1848

Павлодарлықтарды әлеуметтік мәселелерден гөрі тұрғын үй коммуналдық сұрақтар мазалайды. Тұрғындардың шағымын қабылдайтын «Нұр Отан» партиясының филиал мамандары осылай деп отыр. Биыл 8 айда 2 жарым мыңдай арыз түскен. Оның үштен бір бөлігі шешімін тауып үлгеріпті. Қалғандары тиісті органдарға жіберілген. Партиялықтардың бақылауында болады. Павлодарлықтардың шағымын әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы тыңдап келді. 

Жасы жетпіске жеткен Людмила әжей бұл көп қабатты үйде екі жылдай тұрады. Сол уақыттан бері аумақтың ахуалы сын көтермегенін айтады. Шұрық-тесік жол, су, батпақ - міне, ауланың бір кездегі жайы. Қазір бәрі керісінше. Асфальт төселгелі бері маңай тазарып, тұрғындар өркениетті сезіне бастаған.

Людмила Петунина, зейнеткер:

Бұл аулаға жөндеу жасалмағалы 50 жылдай болыпты. Қаланың орталығында болса да, жайрап жатты. Мен «Нұр Отан» партиясына барып шағымдандым. Бір ай өтпей жатып, мәселе бірден шешілді. Таң қалдым. Қазір қараңызшы, қандай жақсы. Тап-таза.

«Нұр Отан» партиясының павлодарлық филиалына арызын арқалап жеткен жанның бірі - Раушан Қуандыққызы. Алтын құрсақты ананың қоғамдық қабылдаудан күтері көп. 2006 жылы облыс орталығына көшіп келген ол баспана мәселесін шеше алмай келген. Құжаттарын жинап, пәтер алуға өтініш жазады. Бірақ, қанша уақыт өтсе де, кезегі бір жылжымай қойыпты.

Раушан Мейрамова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Енді мен қазір 62-демін. Келем 63-ке. Осы көзім тірісінде, сол кезек жеңілдікке қарап, жылжытылмайды ма? Көзім тірісінде баспанаға ие бола аламын ба? Сол мәселемен келіп отырмын.

Саяси ұйымның қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері тұрғындардан 2 650 арыз-шағым түскен. Оның үштен бір бөлігі өз шешімін тауып, қалғаны құзырлы органдардың қарауына жіберіліпті. Партиялықтардың айтуынша, бүгінде бұқара әлеуметтік түйткілден гөрі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтарды көбірек көтеретін болған.

Жанар Мұхаметжанова, «Нұр Отан» партиясы ПОФ қоғамдық қабылдауының меңгерушісі:

Егер өткен жылмен салыстырар болсақ, былтыр әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты шағымдар көп болатын. Зейнетақы, жәрдемақы, жұмыспен қамту секілді сұрақтар. Биыл өзгерді. Қазір тұрғындар  коммуналдық-шаруашылық мәселесін көп көтереді. Ал әлеуметтік мәселелер үшінші орынға түсті.

Саяси ұйым өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қабылдауға жүгінушілер саны жылдан жылға азайып келеді. Дегенмен, бұл үрдіс партия қызметіне еш әсерін тигізбейді. Бүгінде өңірде дәл осындай халықтың мұң-мұқтажын тындайтын 14 қабылдау бекеті жұмыс істейді. Оның 13-і аудан орталықтарында орналасқан.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ