Украина
президенті Петр Порошенко Астанаға ресми сапармен келеді. Екі жақты кездесуде
сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен Минск келісімі талқыланбақ. Бұл жөнінде
Ақорданың баспасөз қызметі мәлімет таратты.
Украина
лидері елордаға 9 қазанда табан тірейді деп жоспарланған. Бұл оның президент ретіндегі Астанаға алғашқы ресми
сапары. Нұрсұлтан
Назарбаев пен Петр Порошенко көмір өнеркәсібі, көлік-логистика және басқа да
өндірістік салалар бойынша өзара қарым-қатынасты талқылайды деп күтілуде.
Еске салсақ, Киевте желтоқсан
айында өткен кездесуде қос президент көмір тасымалы жөнінде келіскен. Сондай-ақ
Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко халықаралық мәселелерге тоқталып, Минск
келісімі жөнінде пікір алмасқан-ды. Айта кетерлігі, онда президент ресми
Астананың Украинадағы даудың бейбіт реттелуін қолдайтынын жеткізген.
Нұрсұлтан
Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті \22.12.2014 ж.түсірілім\:
Украинаның шығысы мен басқа да
аймақтарында жағдай ушығып тұр. Оны бәріміз түсініп отырмыз. Мен өз
тарапымнан мәселенің бейбіт әрі жедел түрде тұрақтанғанын қалаймын.
Қазақстанның Еуропа, Ресей және Украинамен қарым-қатынасы достық сарында және
тең дәрежеде. Мәселені бірлесе талқылап, себепсіз адам өлімінің алдын-алып,
ортақ келісімге келе аламыз деген ойдамын.
Жұрағат БАМАН