Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана қаласының инфрақұрылымы халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне әзір емес

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2015
  • 3673

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Астана қаласының дайындығы  қалай? Көрменің емес, қаланың әзірлігі. Бұл мәселені жақында бас шаһар басшысы Әділбек Жақсыбеков көтерді. Қазіргі жұмыстарға көңілі толмайды. Уақыт бар деп арқаны кеңге салып жүрген шенеуніктерге әкім қандай тапсырма берді?

Жұрағат Баман, тілші:

«ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесінің ашылуына санаулы уақыт қалды. Қазір құрылыс қызу қарқынды жүріп жатыр, көрме уақытылы ашылып, дүйім жұртты таңқалдырады деген уәдеде бар. Десе де шетелдік қонақтардың назары тек көрме шеңберінде болмасы анық. Туристтер Қазақстанның жер-жерін аралап, бастысы елдің елордасына көз тікпек. Осыған байланысты қазір қаланың инфрақұрылымын дамыту ісін жеделдету ләзім. Елорданың сол жақ жағалауының жағдайы түсінікті. Бұнда инфрақұрылымы дамытылған, көшелері таза әрі ғимараттары жаңа.Ал оң жақ жағалаудағы жағдай міне осындай. Өздеріңіз көріп тұрғандай, адамдар осындай үйлерде тұрады. Стихиялық сауда да тоқтатылмаған, ал санитарлық жағдайды тіпті айтпаса да болады. Ал туристер мында келіп көретін болса, таңқалып кететіндері сөзсіз.

Гүлбарам ЖҮСІПОВА, қала тұрғыны:

ЭКСПО, ЭКСПО дегенде білмеймін жағдайдың қандай екенін, міне көріп тұрсыз қандай лас. Әдемі қала өсіп жатқанда үйлердің түрі  әрине жаман.

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Елордалық әкімдік ЭКСПО көрмесі алдында қаланың санитарлық жағдайын ретке келтіру тиіс. Бұны елбасының өзі тапсырған. Қазір бұл жұмыс тұралап тұр. Туристтердің тек сол жағалауда ғана емес, бар қаланы аралайтыны анық.

Халықаралық көрмеге қанша миллиондаған шетелдік турист келетін болғандықтан, қаладағы ақпараттық маңдайшалар мен мекенжай белгілері үш тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілінде болуы тиіс. Алайда бұл іс әлі де алға жылжымай отыр. Қала әкімінің сөзінше, халықаралық көрмеге дейін қалада осындай 24 мыңнан астам белгі орнатылуы тиіс. Алайда, бүгінде тиісті белгілердің тек 753 данасы ғана орнатылған.

Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:

Астананы туристтерге тартымды қылу үшін оларға барлық қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы орайда қаладағы ақпараттық маңдайшалар мен мекенжай белгілерін үш тілді етіп жасап шығу қажет. Мен жауапты басқармалар басшыларына бұл істі жеделдетуді тапсырамын.

Міне, қазіргі Астананың жағдайы осындай. ЭКСПО деп күнде жырлағанмен, жұмысты жылдамдатып жатқан ешкім жоқ. Қала әкімі қанша ескертулер жасаса да, қоластындағылар әлі де қозғалар емес.

 Ж.БАМАН