Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда насыбай емін-еркін сатылуда

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2015
  • 2541


Оралда заңмен тыйым салынған насыбай өнімдері емін-еркін сатылуда. Әсіресе орталық базар аумағынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бүгінде мұның қалыпты жағдайға айналғаны соншалық, полиция қызметкерлері де насыбай сатушыларға назар аудармайтын болған. Олай деуге негіз де жоқ емес, үстелге насыбайдың түр-түрін самсатып қойған саудагерлердің қасынан алаңсыз өте береді. Ал, олардың бейқамдығын пайдаланған саудагерлер насыбайды шөлмекке салып сатуға көшіпті. Түсіру тобымыздың араласуынан кейін ғана тәртіп сақшылары оларды тексеруге кірісті.  

Азамат Жұмағұлов, БҚО ІІД учаскелік полиция инспекторы:

Бейтаныс адам бүгін таңмен сатып кеткен. 30 теңгеден сатып алған. Осы кісі бүгін бірінші рет сатып отырмын деген түсініктеме берді, бізге. Насыбайды сараптама тағайындағаннан кейін қорытынды анықтап, насыбай екендігін бізге дәлелдеп берсе, онда насыбай бойынша әкімшілік жаза қолданады ол кісіге.

Есірткі секілді елітетін күшке ие насыбайдың құрамында түрлі улы заттар жетіп артылады. Насыбай саудасына биыл, 18-сәуірден бастап тыйым салынған еді. Ал заңды бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ, осыған қарамастан, насыбай саудасы бәсеңдер емес. Ал прокурорлар өздеріне қарасты аймақта мұндай бейбастыққа жол берген тәртіп сақшыларын жазаға тартпақ ниетте.  

Эльвира Жұмашева, Орал қаласы прокурорының көмекшісі:

 Өзіне қарасты аумақта осындай заңсыздыққа жол берген учаскелік полиция инспекторына шара қолданамыз. Оған тәртіптік жаза берілетін болады. 

Е.КАРИН