Русский Сайттың толық нұсқасы

Ертең Мемлекет басшысы Жапония премьер-министрін қабылдайды

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2015
  • 1674

Ертең мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні қабылдайды. Қазақстанға соңғы тоғыз жылда алғаш ат басын бұрған жапон премьерінің іссапарына жапондық ақпарат құралдары «тарихи» деп айдар тағуда. Жапон премьері мұның алдында Орта Азия елдерін аралап шыққан ды. «Күншығыс» елі бұл мемлекеттерге миллиардтаған доллар инвестиция құюға ниетті.

Жапонияның үкімет басшысы Синдзо Абэ бастаған делегация мінген ұшақ Астанаға бүгін қонады деп күтілуде. Күншығыс елі көптеген жылдар бойы экономикасы мықты мемлекеттердің үштігінде болғаны белгілі. Ал жапон үкімет басшысының бұл сапары - әлемдегі саяси ықпалын арттыра түсудің алғашқы қадамы болуы мүмкін дейді сарапшылар.

Талғат Демесінов, Экономист:

Қытаймен тікелей бәсекелес мемлекет ретінде Азиядағы, Оңтүстік шығыс Азиядағы, жалпы Азиядағы өзінің саяси белсенділігін арттыруды көздеп отыр. Бірінші кезекте экономикалық мәселелер жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Өздерінің инвестицияларын сол елдердің тартымды экономикалық жобалаларына жұмсау мәселелерін қойып жатыр.

Қаржының алғашқы легі Ресей газынан қол үзген Еуропаға жол ашатын «Оңтүстік дәліз» құбырының құрылысына және  түркімен көгілдір отынына жұмсалмақ. Өткен аптадағы Түркіменстан сапарында құны 18 млрд долларды құрайтын келісім жасалған. Жапон елі Өзбекстанның энергетика саласына да 8 млрд доллардай қаржы құйды. Қазақстанмен бейбіт атомды игеру, және АЭС салуда әріптес болуға ниетті. Ресей басшысының жуырдағы сапары кезінде, Путин «Ресей Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына дайындық үстінде» деп мәлімдеген-ді. Ал Энергетика вице-министрі жоба бойынша қортынды шешім қабылданбағанын айтып мұны жоққа шығарған.

Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

Шынын айтсақ, бұл мәселеде асығыстық жоқ. Бүгінгі дағдарыстық жағдайда қандай модельдің қолданатыны жан-жақты пысықталуы керек. Сондықтан жобаны іске асырудағы серіктестер мен құрылыс алаңы жөніндегі нақты шешімді алдағы 2-3 жылда жариялаймыз деп ойлаймын.

Экономист Талғат Демесінов Ресей басшысының сөзі президенттер арасындағы саяси келісім жайында дейді. Ал оның техникалық, экономикалық есеп-қисабы әлі де талқыланып жатқан көрінеді. Алғашқы станция құрылысы Ресейге берілген күнде де, бұл Қазақстандағы жалғыз атом станциясы болмайды дейді экономист.

Талғат Демесінов, Экономист:

Энергетика министрлігінің энергетиканы дамыту бойынша стратегиясына сәйкес  Қазақстанда негізінен жақсы жағдайда 3 АЭС қажет. Болашақта стратегиялық мақсатта үш атом электр станциясы керек дедік қой. Соның үшеуінің біріне қатысуға Жапонияның дәмесі бар шығар.

27 атом электр станциясы бар елдің уран қоры бойынша әлемдегі екінші мемлекет - Қазақстанмен ортақ мүдделері баршылық. Жапония сондай-ақ Орта Азияның энергетикалық әлеуетіне де қызыға қарайды. Сондықтан бұл салаға инвестицияны аямайтын сыңайлы. Ертеңгі кездесуде өзара қауіпсіздік мәселелері де талқыланады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік,  жапондық делегация қатарында премьер-министрмен бірге ірі  компаниялардың басшылары келеді. Өзара алыс-беріс мәселелері қазақ-жапон бизнес форумында жан-жақты талқыланады деп күтілуде.

 А.АЛДОҢҒАРОВ