Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды мұражайында Кеңес Одағы кезіндегі ойыншықтар көрмесі ашылды

  • AstanaTV
  • 30 қазан 2015
  • 1918
Қарағандыдағы тарихи - өлкетану мұражайында кеңес кезеңінде шығарылған ойыншықтардың көрмесі ашылды. Онда пүліштен, ағаш пен қалайыдан жасалған экспонаттар орын алған. Ұмыт бола бастаған көне бұйымдармен қауышқан аға буын өкілдері балалық шаққа саяхат жасағандай болды. Мұражай қызметкерлері ойыншықтарды облыстың әр түкпірінен тірнектеп жинағандарын айтады. Кейбір көне бұйымдарды қала тұрғындары өздері тапсырған. Талай баланың қолынан өткен мына ойыншық 60 жыл бұрын жасалыпты. Көне бұйымға көпшілік әлі де қызығады. Әсіресе балғындардың ынтасы зор. Спанч боб, Фиксики секілді заманауи кейіпкерлерді көрмеден кездестірмесе де, оларға әйгілі Чебурашкамен танысудың сәті түсті.

Алла КИМ

Ол өте мейірімді, бәрімен достасады. Маған қатты ұнайды

Қалайыдан құйылған әскерлер жасағын мұражайға Қарағандының қарт тұрғыны табыстаған.Ол коллекцияны балалық шақтың естелігі ретінде сақтапты. Көрмені ұйымдастырушылар көне ойыншықтардың өте сапалы екенін атап өтті. Өйткені, ол уақытта өндіріске жіберместен бұрын өнім 40 түрлі сынақтан өткізілетін болған

Зәуреш Тибаева, Қарағанды облыстық Тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі:

Бұл көрме балалар ғана емес олардың ата-анасына да арналған. Мәселен, ересек адам баласына өрт сөндіретін немесе жедел жәрдем қызметінің ойыншық көлігін сатып аларда оның маңыздылығын түсіндіре білгені дұрыс.

Өткен ғасырда ойыншықтардың да тәрбиелік және идеологиялық маңызы болған,- дейді мұражай өкілдері. Тіпті үкімет тарапынан арнайы тізім бекітіліп, соған сәйкес шығарылатын. Дегенмен, компьютер мен гаджеттік ойындарға көбірек қызығатынын бүгінгі балақайлар жасырып қалмады. Мұражай өкілдері «көне ойыншықтар» көрмесін кеңейте түсуді көздеп отыр. Олар шаһар тұрғындарын игі шараға ат салысуға шақырады.

 З.САНАЙ