Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада аналар ғимараты апатты перзентханада босануға мәжбүр

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2014
  • 1596

Қызылордада 150 орындық қалалық перзентхананың құрылысы басталмай жатып, аяқталды. 2011 жылы облыс әкімдігі  «ҚазАтомПром» Ұлттық компаниясы» мен «Игілік» корпоративтік қоры арасында ортақ меморандумға қол қойған болатын. Облыстық прокуратураның дерегіне сенсек, 2012 жылдың қаңтар айында «ҚазАтомПром» Ұлттық компаниясы» мердігер құрылыс мекемесінің есепшотына алғашқы транш - 200 миллион теңгені аударыпты. Десе де жаңа перзентхананың іргетасы да қаланбаған.

Ал қазір жұмыс жасап тұрған жалғыз қалалық перзентхананың жағдайы мәз емес. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салған ғимаратты 2005 жылы сейсмикалық институт мамандары апатты деп таныған. Соған қарамастан аналар сол апатты ғимаратта босануға мәжбүр. Жылына мұнда 6-7 мыңға дейін нәресте өмірге келеді. Айта кету керек, Қызылорда туу көрсеткіші бойынша елімізде алғашқы үштікте.


Қаржы полициясының мәлімдеуінше, жаңа перзентхананың құрылысының басталатын түрі жоқ. Ал бөлінген қаражатты талан-таражға салған деген айыппен "СБ Стройцентр" ЖШС  басшысы мен тағы да осы іске қатысты бірнеше тұлғаның үстінен Қылмыстық Кодекстің 176-бабы 4-бөлімінің Б тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Ғалым Едігеев, Қызылорда облыстық прокуратурасы басқарма бастығы:


Мердігер өз уәждерін келтіріп, оған бөлінген бастапқы мына құрылысты бастау үшін, яғни құрылыс материалдарын алып, жөндеу жұмыстарына бөлінген 200 миллион тенгенің 70 миллионын игердім деп көрсетіп отыр. Дегенмен алғашқы сараптама қорытындысына сәйкес игерілген қаражаттың сомасы 15 миллион теңгедей болып тұр. Яғни бұл жерде залалдын мөлшері 185 миллион деп айтсақ болады.


Шарипа САҚТАПОВА