Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәскеу мектебінде оныншы сынып оқушысы мектепке қаруланып келіп, 20 оқушыны тұтқынға алған

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2014
  • 1968

Мәскеу мектебіндегі оқыс оқиға. Оныншы сынып оқушысы өзі оқитын мектепке қаруланып келіп, 20 оқушыны тұтқынға алған. Абырой болғанда, оның жолын бөгемек болған күзетшінің бірі дабылды қосып үлгереді. Сөйтіп білім ордасына полиция шұғыл жетеді. Бірақ жасөспірім бір полицейді атып өлтіріп, енді бірін жаралайды. Оқиғадан география және биология пәнінің ұстазы да мерт болды. Қаруланған жеткіншек оны сыныпқа кірген бойда бірден атып салған. Марқұм мұғаліммен арада араздығы болған деген де дерек бар.

Оның аты-жөнін анықтаған тәртіп сақшылары бірден әкесін алдырып, келіссөз жүргізеді. Екі мылтықпен қаруланған жасөспірім әкесінің сөзіне құлақ асып, оқушыларды босатады. Мектептен балалар дереу шығарылып, аймақ толық қоршауға алынады. Болған оқиғаны кейбір оқушылар ата-аналарына смс арқылы хабарлап үлгерген.


Ольга Архипова, тұтқында болған оқушының анасы:


"Ана, құтқаршы! Гордеевте мылтық бар. Ол атып жатыр. Ана, құтқаршы мен қалжыңдап тұрған жоқпын", - деп жазған. "Мен оған 112-ге хабарлас", - деп жаздым. "Тек мектепке келме", - депті. Сосын "біз келісімге келдік. Ол бізді босатты" деп хабарласты.


Дарья, №263 мектеп оқушысы:


Біздің сынып мына жерде. Тәртіп сақшылары бізге тезірек терезелердің жанынан кетіңдер деді. Сосын дәлізге алып шықты. Барлығымызды мәжіліс залына кіргізді. Балалар жылап жатты. Сосын ата-аналарды бес бестен ішке кіргізді. Олар балаларын үйлеріне алып кетті.


Абырой болғанда, бір де бір бала зардап шеккен жоқ. Оқушылармен қазір психологтар жұмыс жасап жатыр. Ал шабуыл жасаған жеткіншек тергеу изоляторына қамалған. Алдын ала мәлімет бойынша, жас баланың жүйке жүйесі сыр берген. Ал мектепте оған жақсы мінездеме береді.


Айгүл ӘДЕПБАЙ