Русский Сайттың толық нұсқасы

Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров елдегі автокөлік парктерін жаңартуды ұсынды

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2014
  • 1420

Қазақстандағы автомобильдердің 80% ескі, басым бөлігінің қолданыста жүргеніне 10 жылдан асып кеткен. Осыған орай Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров елдегі автокөлік парктерін жаңартуды ұсынды. Бұл міндеттер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында айқындалған.

Министр Нұрлан Қаппаров экологиялық тазарту үшін арнайы бағдарлама әзірленгенін айтты. Ең әуелі көліктің экологиялық таза түрлері дамытылады, ал ескілерін толық жою көзделген. Мәселен, залалсыз көліктің бір түрі - велосипед, оларды қалада кеңінен қолданысқа енгізу қолға алынып отыр. Министрдің айтуынша, велосипедтерді жалға беретін пункттер ашылып, арнайы жол желілері салынады. Сондай-ақ, жаңа бағдарлама жанармай сапасын жақсартуды көздейді. Пилотты жоба Алматы және Астана қалаларында қолға алынбақ.

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі:

Еліміздегі жанармай сапасы еуропалық деңгейден төмен. Себебі, жергілікті мұнай зауыттарының өндірістік жабдықтары ескірген. Біз өндірілетін жанармай сапасын жоғарылату, жаңа стандарттарды әзірлеу шараларын қарастырмақпыз.

Сымбат МОЛДАТАЙ