Астана әкімдігі "жер
дауын" соттардың мойнына жүктеп қойған. Мемлекет қажетіне құрылыс саларда
қазына нарықтағы бағаны мүлдем ескермейді. Амалы таусылған тұрғындар ақырында
сотқа жүгінеді. Ал сот орындары қайта сараптама жасатып, шығындалуға мәжбүр.
Бүгін Астана қалалық сотында өткен арнайы жиында судьялар осындай пікір
білдірді.
Ғалымжан Насриддинов, Астана
қаласы, Алматы аудандық соты төрағасы:
Мемлекеттің қажетіне алынатын
жерлер бойынша әкімдік тарапынан дұрыс бүгінгі нарықтық бағаны алып қолданатын
болса, бізге соттарға жүгінбеуі де мүмкін еді.
Бүгінде бір ғана Алматы
ауданында "жер дауына" қатысты 100-ден астам іс қаралып жатыр.
Әкімдіктегілердің айтуынша, сот нарықтағы бағаны белгілеуді талап етеді. Ал мемлекет қаржысын бақылайтын құзырлы орган "Алып-сату
келісім-шартындағы" бағадан асырмауды сұрайды. Осы мәселе заңмен
реттелмеген. Сөйтіп, екі ортада әкімдік қалып отырған көрінеді. Бір қызығы - бүгіннің өзінде Астанада небәрі бес мың теңге тұратын жер телімдері бар болып
шықты.
Серік Оспанов, "Астана
қаласы тұрғын үй басқармасы" ММ бастығы:
Кеңес өкіметі кезінде адам ол
учаскені 100 рубльге сатып алған, ол кездегі бағамен есептегенде, құны
әжептәуір. Ал Статистика агенттігі бізге сол соманың теңгеге қатысты
коэффициентін шығарып береді. Ол - бес мың теңге. Иә, бұл қисынсыз баға. Мұны тек
сот шешіп бере алады.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ