Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкенттегі шағын ауданның алты жүздей тұрғыны ауыз судан тарығып отыр

  • AstanaTV
  • 05 ақпан 2014
  • 2087

Шымкенттегі "Достық-2" шағын ауданының алты жүздей тұрғыны ауыз судан тарығып отыр. Бір қызығы, су құбыры мұнда төрт жыл бұрын тартылған. "Бірақ тіршілік нәрінің игілігін көрмедік", -деген тұрғындар арнамызға шағым айтты. Шағын аудан үшін көгілдір отын да арман күйінде қалып тұр. Оның да құбыры бар,өзі жоқ. Толығырық Айзада Төребекқызы баяндайды. 


Қара су үшін халық күні бойы кезекке тұруға мәжбүр. Көлігі бары тасып ішеді. Өзгелері көрші-қолаңның бөшкелерге толтырып қойған суына иек артады. Оның өзі мұз болып қатып қалады. Өткен жылы тамыз айында қалалық әкімдіктегілер он күн ішінде су беріледі деп шығарып салған екен. "Одан бері жарты жыл өтті дейді", - судан әбден тарыққан ағайын.


Фарида Жомартова, "Достық-2" шағын ауданының тұрғыны:


Қалада тұрамыз деген атымыз болмаса, ешкім біздің жағдайымызды келіп, біліп жатқан жоқ. Мне мына су сол күйі жоқ. Мынау не үшін тұр, экспонат қылып қойдық па?


Су ағар ғана емес, көгілдір отын құбыры да сол күй тұр. Әр үйдің маңына газ қондырғысы қойылған. Желтоқсан айында мемлекеттік комиссия қабылдап алыпты. Табиғи отынға қолымыз жетеді деп қуанған тұрғындардың дені құбырды үйлеріне дейін кіргізіп қойған. Бірақ отын әлі жоқ.


Нұрбек Қозыбақов, "Достық-2" шағын ауданының тұрғыны:


Жаңа жылға дейін беріледі деген. Бір көшенің бойында 5-6 үйге қосылса, газ беріледі деген. Бірақ әлі беріліп жатқан жоқ. Халық мына жерде құжаттарын алып, техшарттарын алып қойған.


Жүзбай Мырзашев, "Достық-2" шағын ауданының тұрғыны:


«КазТрансГаз» деген мердігер компания, біз оған барсақ, оның айтатыны: «Бізден котел аласың», - дейді. «Бізден газоанализатор аласың»,- дейді. Ол котелдың өзі жүз бірдеңе мың. Бірақ біздің үйімізде дайын котелымыз бар.


Үй іргесіне кеп тұрған құбырдың рахатын көре алмаған тұрғындар қол қуысырып отырғысы жоқ. Аязға қарамай, көшеге шықты.


Бізге су, газ берілсін!!!


Алайда күнде "ертеңмен" халықты сендіріп жүрген билік өкілдерінің олқылығы мұнымен бітпейді. "Достық-2"- ге тиесілі су құбыры әлі қабылданбаған. Тіпті су көзі мүлдем қаралмаған болып шықты.


Бақытжан Рысбаев, Шымкент қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


1 апрельге дейін бітіреді. Біздің "Оңтүстік су жоба" деген ЖШС. Оның құрылысы енді біз ойлап отырмыз, 1 сәуірге дейін бізге берсе, сол сәуір айында өтінішті береміз. Облыстық немесе республикалық бюджеттен құрылысын бастаймыз деп. Ол 2014-те басталса су ақысының құрылысы, сонымен жылдың аяғына дейін толық шешеміз бе деп ойластырып жүрміз.


Шенеуніктер аяздың сағы сынса, ақпанның аяғына дейін көгілдір отын беріледі деп сендіріп отыр. Шымкенттегі қатты аязды ескерген төтенше жағдайлар қызметі газдың тапшылығы себепті азаматтардың қатты отынға жүгіне тұруын сұрап отыр.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ