Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде ұялы телефон жеткіншектер арасындағы бұзақылыққа себеп болды

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2014
  • 1465

Өскеменде ұялы телефон жеткіншектер арасындағы бұзақылыққа себеп болды. Қаладағы 45-мектептің оқушысын  35-мектепте оқитын бозбала пышақтап тастаған. "Ауруханаға жеткізілген науқастың жағдайы ауыр", - дейді дәрігерлер. Ал қымбат телефон үшін қатігездікке барған 11-сынып оқушысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. 


Оқиға демалыс күні болды. Қаладағы мектептердің 11-сынып оқушыларын түгелдей бірыңғай ұлттық тестке дайындық кезеңінен өткізу үшін жоғарғы оқу орнына жинаған. Тәртіп сақшыларының дерегіне сенсек, тестілеуді тапсырғаннан кейін 45-мектептің оқушысы басқа мектептен келген құрдасының ұялы телефонын тартып алыпты. Ашуға булыққан бозбала қалтасынан пышақ алып шығып, әлімжеттік көрсеткен замандасын сол жерде пышақтап тастаған.


Бақытжан Торғаев, Шығыс Қазақстан облысы ІІД бөлім басшысы:


Екі оқушы қымбат айфон телефонына таласқан. Бірі екіншісін пышақпен жарақаттаған. Науқас ауруханада. Біздің тарапымыздан тергеу амалдары жүргізілуде.


Пышаққа түскен бозбала қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оған күрделі ота жасалды.


Ольга Зырянова, Өскемен қалалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:


18 жасар жігіт келіп түсті. Оннан астам жарақат алған. Ішіне, арқасына пышақталған. Өте күрделі ота жасалды. 3 сағатқа созылды. Және науқас 3 литр қан жоғалтқан. Әзірге жағдайы туралы анық айту қиын. Өмірі үшін күресіп жатырмыз.


Қалалық білім беру мекемесі тестілеу барысында ұстаздар тарапынан қадағалаудың қатаң болғанын айтады. Екеуара жанжал білім ордасынан тыс жерде орын алғандықтан, оған жауапты емеспіз дегенді алға тартты. Сондай-ақ пышаққа түскен баланың асыраушысы жоқ, туыстарының қамқорлығындағы бала екенін айтты.


Анна Таймова, Өскемен қаласындағы №35-ші мектептің директоры:


Біз 6 ұстаз жіберген болатынбыз. Қадағалау үшін. Оқушылар тапсырып болып далаға кетіп қалған. Одан кейін оқиғаға біздің оқушымыздың қатысы бар екенін білдік. Ол біреудің қамқорлығында.


Құқық қорғау органдары қызметкерлері тергеу жұмыстарын бастап кетті. Олардың айтуынша, әзірге телефонынан айырылған оқушының ашу үстінде қатігездікке барғандығы белгілі болған. Белгілі болған тағы бір дерек - аурухана төсегіне таңылған оқушы дәл сол күні 18 жасқа толыпты.


Қанат ОРАЛБЕК