Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қазақстан Инжиниринг" компаниясы ШҚО-дағы бейорганикалық өндіріс зауытын инвестицияламақ

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2014
  • 1767

"Қазақстан Инжиниринг" Ұлттық компаниясы Серебрянск қаласындағы бейорганикалық өндіріс зауытына инвестиция құймақ. Енді өндірісті жолға қойып, кәсіпорын жұмысын қайта жандандыруға еш кедергі жоқ. Демек шығыста орналасқан шағын қалада жаңа жұмыс орындары ашылады деген сенім бар. 10 мыңнан астам тұрғыны бар Серебрянск қаласының экономикалық дамуы қорғаныш заттарын шығаратын зауыттың жұмысына тікелей тәуелді. Сондықтан мемлекет кәсіпорынды сақтап қалуға зор күш салды.

Зауыттың бұрынғы иесі Мұхтар Әблязов мекеме жұмысын құрдымға жібергендіктен, зауыт мемлекетке қайтарылды. Зауытты жаңа инвестордың қолына табыстау шешімі осы аптаның басында қабылданды. Бұл хабар табаны күректей екі жыл бойы қаңырап тұрған зауыттың күре тамырына қан жүгіртеді деген үмітті оятты. Кәсіпорын өндіретін қорғаныш заттары мен улы газдардан қорғанатын құрылғыларға елімізді қойып алыс-жақын шетелдерден тапсырыс берушілер көп. Бұл Қазақстандағы қорғаныш заттарын шығаратын жалғыз зауыт.


Ермек Көшербаев, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:


Зауыт біздің Ұлтық компания үшін инвестицияның пайдалы көзі болмаса, олар зауытты қолдарына алмас еді. Біз зауыттың жұмысы жаңа қарқынмен алға басады деген үміттеміз.


Бүгінде зауыт шығаратын өнім түрін арттырған. Қорғаныш заттарымен қоса полиэтилен пакеттері мен биоәжетхана шығаруға кіріскен. Алғашқы тапсырыс берушілер де бар. "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының өкілдері зауыт жұмысын жандандырамыз деп отыр.


Болат Смағұлов, «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:


Бірнеше айдың ішінде кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызу үшін арнайы жобамыз дайын болады деп ойлаймын. Серебрянск аумағында жұмысты сәтті жүргізу үшін бизнес-жоспарларымызды әзірлейміз.


Қанат ОРАЛБЕК