Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақордада Президенттің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болып өтті

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2014
  • 1195

Жұмысын ширатпаса, Президент Үкіметті отставкаға жіберуі мүмкін. Бүгін Ақордада өткен кеңейтілген жиында Нұрсұлтан Назарбаев Ахметов командасына қатаң ескерту жасады. Доллардың қымбаттауына қатысты да пікірін білдірді.  Бірсыпыра салада айлық табыстың өсетінін жеткізді. Төрт сағатқа созылған жиында Президент басылымдардың бірінен жолы болмаған кәсіпкер туралы шыққан мақаланы оқып берді. Мұның соңы немен аяқталды, Мөлдір Бақытқызы тарқатады.


Алдымен Үкімет басшысы Президент алдында "нөкерлерімен" жарыса жетістіктерін жіпке тізіп шықты. Десе де, экономика үміт артып отырған бесжылдық бағдарлама  нәтижесіне  Назарбаевтың көңілі толмайды. Елде ондаған еркін экономикалық аймақ бола тұра, инвесторлардың әлі күнге дейін үркетінін қатаң сынады.


Ал күні бұрын қымбаттап кеткен долларға қатысты даурығудың қажеті жоқ дей келе, бұл шешімнің астарын халыққа былайша түсіндірді. 


"Осыны ескеріп, бірінші сәуірден мемлекеттік төлемдер мен айлық жалақы өсетін болды.  Зейнетақыға тағы - 5 пайыз қосылады, шәкіртақы - 10 пайызға өседі. Мұғалім мен дәрігерлер айлығы да 10 пайызға артады. Ұлттық қор қызметкерлері де құр алақан қалмайды".


Ал қит етсе, қаржы сұрап, мемлекетке алақан жаятын жеке меншік банктер кезінде таныс-тамырларына ұстатып жіберген  активтерін шұғыл қайтарып ел экономикасына жұмсауы тиіс. Президент осыны қадап тапсырды.


Отандық газеттердің біріне шыққан мақала Президенттің қолына тиген. Онда кәсіпкер басындағы жағдайын жайып салыпты. Тексерушілердің көңілін табу үшін, долларлап шашылатынын жасырмаған. Рұқсат құжаттары түгел болмаса, қандай жағдайға тап болатынын да жеткізген.


Осы тұста Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да Президентке шағымданып, біраз мәселенің басын ашып алды.


Президент жарнамасы жер жарған Халықтық IPO бағдарламасының аяқсыз қалғанын да аяусыз сынады. Мұны бір ай ішінде реттеуді тапсырды. Сондай-ақ Бірыңғай зейнетақы қорын құрудың тым созылып кеткенін ескертті. Өткен жылы Президент Үкіметке  33 тапсырма берген. Оның он бірі ғана өз уақытында атқарылыпты. Бұл - жұмыстың  33 пайызы ғана орындалды деген сөз. Егер жүз балдық жүйемен есептесек Үкіметтің жұмысына "арық" үш деген баға беруге болатын сияқты.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ