"Қазақстандық банктердің жағдайы тұрақты, олар шетелдік валютамен де,
теңгемен де жеткілікті қаржыға ие". Бас банкир Қайрат Келімбетов бүгін
Алматыда шұғыл баспасөз жиынын өткізіп, халықты осылай сабырға шақырды. Сондай-ақ күні кеше еліміздегі бірнеше банктің
жабылатыны жөнінде тараған SMS-хабарламалар жөнінде түсінік берді.
Айтуынша,
мұны әлдекімдер арандату мақсатында жасаған. «Сондықтан салымшылар қаржысынан
қағылмайды», - дейді ол. Оған қоса еліміздегі банктерде қаржы жеткілікті. Тіпті Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қаржылай қолдау көрсетуге даяр екендігін
айтты. Банкирдің сөзіне сенсек, Ұлттық банктің резервтік қорында 3 триллион теңгеден
астам қаржы бар.
Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық
банкінің төрағасы:
Жалған хабарлама тарағалы бері
салымшылар оның рас өтірігін анықтауға тырысты. Біз оның жалған хабарлама
екендігін айтамыз. Салымшылардың да көзі жетіп, сабырға келсе дейміз. Мен
Ұлттық банктің атынан айтарым - 10 жылдың ішінде бірде бір салымшы қаржысынан
айырылған жоқ. Бұдан былай да ондай жағдай болмайды.
Досжан МАРАТҰЛЫ