Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда апатты жағдайда қалған жатақхана тұрғындары шұғыл көшірілді

  • AstanaTV
  • 21 ақпан 2014
  • 1241

Петропавлда төтенше жайт. 5-қабатты жатақхананың бірінші қабатындағы бетон еден төмен тайып кетті. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар, апатты жерді қоршауға алып, баспананың оң қанатындағы тұрғындарды сыртқа шығарды. Оқиға орнында тілшіміз Абзал Құрманкин баяндайды.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған мына үйдің халі нашар екені айдан анық. Шіріп кеткен бетон еден дүкеннің ішінен сыр берген. Таң сәріде сұмдықты байқаған сатушылар бірден төтенше жағдайлар департаментімен хабарласқан. Қазір құтқарушылар баспананың оң жақ қанатындағы тұрғындарды далаға шығарды. Әзірге қауіпті аймақ осы жақ болып тұр.

Отыз жылдың ішінде мұнда тек үйдің шатыры мен әйнектері ғана жаңартылған. Ал үйдің іргетасы болса, мүлдем жөндеу көрмепті. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері апат себебін анықтап жатыр. «Қабырғалар әрмен қарай қақыраюы мүмкін» дегенді құтқарушылар жоққа шығармай отыр.

Евгений
Журавлев, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз хатшысы:

Біз 54 адамды қауіпсіз жерге шығардық. Олар тоңып қалмас үшін автобус әкеліп қойдық, олар сонда жылына алады. Арнайы комиссия құрылып, оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Атүсті жиналып, тек құжаттарын ғана алып үлгерген жұрт болса, пәтер иелері кооперативінің төрағасын кінәлап отыр. Айтуларынша, ПИК төрағасы жөндеуге бөлінген қаражатты қалтасына басқан.

Ал ПИК төрағасы мәселе мәнін тарқату түгіл, қарасын да көрсетпеді.

Әкімдік те қол қусырып отырмай, арнайы жиналыс өткізіп, уақытша пана мәселесін талқылады.

Төлеген Зәкірянов, Петропавл қаласының әкімі:

Арнайы комиссия құрылды. Енді солардың шешімін күтеміз. Жатақхананың тұрғындарына айтарымыз, әзірше туыстарыңыздың үйіне бара тұрыңыздар. Егер баратын жер болмаса, пәтер жалдаңыздар. Шығынын өзіміз төлейміз.

Әкімнің сөзіне сенсек, арнайы комиссияның шешімі 1 аптадан кейін дайын болады. Үй апаттық деп таныла ма, танылмай ма, сонда белгілі болмақ. Ал әзірге паналарынан айрылған жұрт түнеп шығатын орын іздеуге кірісті.

Абзал ҚҰРМАНКИН