Русский Сайттың толық нұсқасы

Виктор Янукович өзін әлі де Украинаның президентімін деп есептейді

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2014
  • 1235

Виктор Янукович өзін әлі де Украинаның президентімін деп есептейді. Ол бүгін аяқ астынан осындай мәлімдеме таратты. Алайда Януковичтің қайда екені беймәлім. Ақпарат құралдары оның Ресейден өзін қорғауды сұрағанын жарыса жазып жатыр.


Виктор Янукович, Украинаның биліктен шеттетілген президенті:


Мен өзімді әлі де Украинаның заңды президентімін деп есептеймін. Халық кезінде мені таңдады, демек мен елдегі қайғыға бей-жай қарай алмаймын. 21 ақпан күні мен және оппозиция өкілдері қол қойған келісім орындалмады. Екі жақты келісім шетелдік серіктестеріміздің куәгерлігімен, елдегі ахуалды тұрақтандыруға бағытталған болатын. Қазір маған, жақтастарыма қарсы қоқан-лоққы көрсетілуде. Сондықтан Ресей билігінен қауіпсіздігімді сақтау үшін көмек сұрауға мәжбүрмін.

 

Бұл кезде қақтығыстар Қырымды да шарпып үлгерді. Симферпольдағы жоғарғы кеңес ғимаратының жанында наразылық шерулері өтті. Бірі жаңа украин билігіне қарсы шықса, қырым татарлары Киевтегі өзгерісті қолдауда.  Жалпы парламент алдына 10 мыңға жуық адам жиналған. 


Екі топ арасындағы төбелес алғашында жай наразылықпен басталғанымен, соңы қарулы қақтығысқа ұласты.  Ресей, украин жалауын қолға ұстаған митингшілер ішінен 10-ға жуық адам жарақат алды.  Кейін зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Ал  Қырым парламентінің алдында қаза тапқан адамның мәйіті табылған. Дәрігерлер мерт болған тұрғынның жүрегі ұстап қалғанын айтты. Кейін Қырым жұртының алдына шыққан Виталий Кличко елді сабырға шақырды. Тұрғындарға "саясаттың құрбаны болмаңдар" деп үндеді.


Виталий Кличко, «УДАР» фракциясының жетекшісі:


Бұл арандатушылық, азғындардың жетегінде кетпеңіздер! Осындай қақтығыстар арқылы автономия ішінде бүлік салғысы келетіндер бар. Бұл ел тұтастығы мен Украина бірлігіне аса қауіпті.


Әлия ӘШІМ