Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында бала сату фактілеріне қатысты брифинг өтті

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2014
  • 841

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы да бала сату дерегі әшкере болды. Бұл жолы екі бірдей нәрестенің тағдыры саудаға салынған. Бірі 250 мың теңгеге, ал екіншісі небәрі 150 мың теңгеге саудаланыпты. Бұл жайында бүгін облыстық прокуратурада мәлім болды.

Олардың дерегіне сенсек, шақалақтарды «тірі тауарға» айналдырғандар Мақтаарал ауданының тұрғындары. 42 және 38 жастағы қос келіншек те бір перзентке зар болғандар. Екеуі де аяғы ауыр қыздарды туыстарының көмегімен тауып, келіссөз жүргізіпті. Босана салысымен баласын беруге жүкті қыздар қарсы болмаған. Жас аналар перзентханада босанған. Ал құжат рәсімдеуді жеңілдету үшін болашақ аналары шекара асып, «Өзбекстан елінде босанды» деген құжат алып келіпті. Қазір осы екі іс бойынша да қылмыстық іс қозғалды.

Облыс прокурорлары мәлімдегендей, 2012-2013 жылдар аралығында 166 баланың белгісіз жағдайда асырап алынғаны әшкере болды. Яғни, нотариалды түрде аналары бас тартқанымен, тиісті органдар хабарсыз болып шықты. Бұған қатысты он бірдей іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Болат Жұматаев
, ОҚО прокуратурасы басқарма прокурорының орынбасары:

Қазіргі жағдайда 41 баланың тағдыры анықталмай отырған. Сол себепті тиісті материалдар облыстық ішкі істер департаментіне жолданып, қазіргі жағдайда 26 бала табылған. Олар, яғни соттың шешімі арқылы бала асырап алғаны анықталды. Қазіргі жағдайда 15 баланың тағдыры белгісіз. Сол бойынша қазір тексеру амалдары жүргізілуде.