Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаңаөзенде перзентханада көз жұмған келіншектің туыстары дәрігерлерді кінәлайды

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2014
  • 4712

Жаңаөзенде перзентханада көз жұмған Дәметкен Құдайбергенованың туыстары келіндерінің о дүниелік болғанына ақ халаттыларды кінәлайды. Сонда жұмыс істейтін енесінің айтуынша, медицина қызметкерлері аяғы ауыр келіншекке дұрыс қарамаған және шындықты жасырып баққан. Құрсақтағы баланің ірі екенін біле тұра дәрігерлер кесер тілігін жасамаған. Ал өздігінен тууға күші жетпеген жас ана көз жұмады. Келіншекті жасанды босандыруға рұқсат бермеген дәрігердің өзі қазір ес-түссіз жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. 


Орынгүлге жақында бір ай толған. Анасы сәбиін өмірге әкеліп, өзі бақилық болды. Дәметкен Құдайбергенова перзентханаға түскенде туыстары құрсақтағы баланың ірі екенін айтып, бірден ота жасауды сұраған. Алайда ақ халаттылар жас ана өз босанады деп бет қаратпайды. Ал баланың шынымен ірі екеніне көз жеткізгенде, шұғыл ота жасаған. Бірақ кеш қалады.


Нұрболат Қалбаев, Дәметкен Құдайбергенованың жұбайы:


Аман сау апардым. Анаммен, маған олар өлігін берді. Келіншегімнің болғанына жауап берсін. Барлығының алдына жауап берсін. Алла алдында жауап берсін.


Абыржыған ақ халаттылар Дәметкенге үш рет ота жасаған. Тіпті бала тууға қабілетті ішкі органдарын алып тастады. Өздерінің күші келмеген соң, Ақтаудағы әріптестерінен көмек сұрайды. Сөйтіп жас ананы облыс орталығына көлікпен апарған. Алайда ауыр халдегі Дәметкен жолды көтере алмай, ауруханаға жеткенде жан тапсырады. Ал осы перзентханада жұмыс істейтін марқұмның енесі ақ халаттылардың бір нәрсені жасырғанын айтады.


Гүлзира Кенжебекова, Дәметкен Құдайбергенованың енесі:


Ашық жатыр ғой инфекция ішінде бәріне. Бірінші операцияда, тазалық жоқ. Дайындық болған жоқ - сразу кіргізіп тастады, мен 10 жыл болды соның ішінде мен білем роддомның қандай екенін. Мына бала жылаған сайын қысымым көтеріледі. Ішімнен тынып жүрмін ғой, не істерімді білмей.


Дәметкеннің қызы 5 келі 640 грамм болып туған. Акушерлер бала көп болса төрт жарым келі шығады деп күткен. Ал УЗИ аппаратымен тексеріп, сәби салмағын анықтауға перзентханада мүмкіндік жоқ екен.


Қалампыр Күзембаева, Жаңаөзен қаласы перзентханасы туу бөлімінің меңгерушісі:


Бұл жерде қатты ірі деп есептемедік, салмағы болжам бойынша 4200- 4,500 асады деп ойлаған жоқпыз. Өзім де таң қалып отырмын 5600 болғанына.


Ал полиция адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.


Абат Әділов, Жаңаөзен қаласы ІІБ бастығының орынбасары:


ҚР қылмыстық кодексінің 114 бабы 4 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дәрігерлер ісі бойынша тергеу жүріп жатыр.


Ал жас ана өзі туады деп, операцияны бірден жасамаған дәрігер, келіншектің көз жұмғанын естігенде инсульт алған. Қазір ол ес-түссіз жатыр. Ал тиісті анықтама қағазында Дәметкеннің өліміне жүрегінің тоқтап қалуы себеп болғаны жазылыпты.


Светлана СУЛТАНГЕРЕЕВА