Украиндық экспаттар Қазақстанды таңдауда. Жақында Украинадағы рекрутингтік агенттіктер, яғни мамандарға жұмыс тауып беретін мекемелер тосын ақпарат таратты. Олардың зерттеулеріне сенсек, соңғы айлары Қазақстанда 100 мыңнан астам украиндық маман жұмысқа орналасқан. Ақпаратқа сенсек, олар біздің елде жоғары жалақы алады және сұранысқа ие. Алайда жергілікті сарапшылар мен еңбек нарығын зерттейтін агенттіктер бұл мәселеге басқа қырынан қарайды. Осыған орай біздің тілшілер мамандардың пікірін тыңдаған болатын.
Сергей Любченко украин азаматы. Ол 2009 жылғы Украинадағы экономикалық
дағдарыстан соң елден тысқары кетуге мәжбүр болған. Ақпараттық технология
саласының маманы Қазақстаннан өз кәсібін тапқанын жасырмайды. Айтуынша, біздің
елде табысты еңбек етіп жатқан оның отандастары жетерлік.
Сергей Любченко, Украина азаматы:
Мен ешқашан өз туған жерімді тастап кетемін деп ойлаған емеспін. Өз
елімнің патриотымын деп санайтымын. Алайда Украина дағдарысты ойдағыдай жеңе
алмады. Нәтижесінде білікті мамандар үшін еңбек нарығында қыспақ пайда болды.
Мен де сол лекпен елден кетіп қалдым. Осы жерде өз бизнесімді аяғынан қойдым.
Алматыдағы шетелдік мамандарға жұмыс тауып беретін делдал компанияға күніне
30-дан астам өтініш келіп түседі. Олардың арасында ураиндық мамандар да аз
емес. Компания өкілі соңғы бір айда Шығыс Еуропа елінен Қазақстандағы еңбек
нарығынан 50 адамның жұмысқа орналасқанын айтып отыр. Жергілікті жұмыс
берушілер де мұндай шетелдік мамандар үшін жалақы төлеуде аянып қалмайды екен.
Зоя Тен, мамандармен жұмыс жасау компаниясының өкілі:
Қазақстанға жұмыс іздеп келіп жатқандардың дені - орта
және жоғары санатты басқарушы мамандар. Олар негізінен хай-тек, инженерлік,
фармацевтикалық немесе ауыр өнеркәсібі саласынының мамандары.
Жақында Украинадағы рекрутингтік агенттіктер, яғни мамандарға жұмыс тауып
беретін мекемелер дабыл қақты. «HRFORUM» компаниясы Украинада экономиканы
өркендетуге қажетті мамандардың шетел асып жатқандығын тілге тиек еткен. Елде
саяси дағдарыс басталған сәттен бастап бүгінге дейін 1 млн. 850 мың адам елден
кетіп қалған. Ал оның 100 мыңы Қазақстанға келіп тұрақтап, әр салада жұмысқа
тұрыпты. Себебі оларды Қазақстандағы қолайлы жалақы мен экономикалық тұрақтылық
қызықтырады.
Меруерт Махмұтова, қоғамдық проблемаларды сараптау орталығының директоры:
Әрине, берен-саран бар шығар. Бірақ 100 мыңнан артық украиндық азаматтар
мұнда қызмет етіп жатыр деп айтуға келмейді. Себебі өткен жылы шетел
азаматтарының Қазақстанда еңбек еткендерінің саны квота бойынша 25 мың адамнан
аспаған. Жер жүзін алғанда.
Дос Көшім, саясаттанушы:
Тәуелсіздік алған соң Украинаның азаматтары бізге қарағанда АҚШ, Еуропада
білім алу мүмкіндіктері көп болды. Сондықтан оларда бізде жоқ мамандардың көп
дайындалуы мүмкін. Бұл жерде Украинадағы саяси дағдарыстан соң өзбек пен тәжік
сияқты жұмыс іздеп қаңғып, босып кетті деп ойламаймын.
Шетел азаматтарының Қазақстанға келіп қызмет ету мүмкіндігі мемлекет
заңдарымен реттеледі. Квота мөлшерін үкімет жыл сайын жариялайды. Бұл ішкі
еңбек нарығын сақтап қалуға бағытталған саясат. Қазір Қазақстанда Ресей мен
Белорусия азаматтары ғана Кеден Одағы тәртіптеріне сәйкес еркін еңбек ете
алады. Ал қалғандары квотаны бөліске салуы тиіс. Мемлекеттен еңбек нарығына деп
бөлінетін бос жұмыс орындарының 24 пайызын Қытай, 19 пайызын Түркия, ал одан
кейінгі үлестерін еуропалықтар иемденеді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Асан ҚАЛИАХМЕТ