Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде қаңғыбас иттер адамға шабуылды жиілеткен

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2014
  • 1224

Қаңғыбас иттер тұрғындардың құтын қашырды. Өскеменде олардың адамға шабуылы жиілеген. Ветеринар мамандар қаңғыбас иттерді атуға бюджеттен ақша бөлінбеген деп ақталып отыр. Тұрғындар болса көшеде емін-еркін жүріп-тұруға қорқады. Иесіз иттер тапа-тал түсте адамды талаудан тайынбайды дейді. Жуырда мектептен келе жатқан оқушы қызға қаңғыбас иттер шабуыл жасаған. Абырой болғанда, өтіп бара жатқан ересектер араша түсіп, бүлдіршінді аман алып қалды. Айта кетейік, өткен жылы дәл осы Өскеменнің шетінде қаңғыбас иттер қаршадай қызды талап өлтірген болатын.


Ольга Савинова, Өскемен қаласының тұрғыны:


"Астана" арнасын шақырамыз, телевидениеге шағымданамыз деген кезде, жергілікті билік қимылдай бастады. Оған дейін қызды иттер талап кеткенде, қоңырау шалып шаршадық. Біріне бірі сілтейді. Міне, 4 күн өтті. Біресе жанар-жағармай жоқ дейді. Біресе биыл ит атуға ақша жоқ дейді.


Тұрғындардың назын арқалап, жергілікті әкімдікке ат басын бұрдық. Олар қаражат бөлінген, бірақ неліктен істің бұлай насырға шапқанын білмей дал.


Заманбек Серікпаев, Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:


Биыл ит атуға 9 млн бөлінген. Неліктен жанармайдың алынбағандығын, неліктен иттерді ұйықтататын дәрінің алынбағандығын анықтап жатырмыз. Ойлаймын, бұл жұмыста бір қателіктің кеткені болуы мүмкін. Не бухгалтердің қателігі болуы мүмкін.


Қанат ОРАЛБЕК