Русский Сайттың толық нұсқасы

Төртінші мұнай өңдеу зауытының өнімдері Орталық Азия елдеріне экспортталады

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2014
  • 1086

Ал біздегі төртінші мұнай өңдеу зауытының өнімдері Орталық Азия елдеріне экспортталады. Бұл жөнінде «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев хабарлады. Оның айтуынша, өнімнің басым бөлігін сыртқы нарықтарға шығару көзделген. Ұлттық компания басшысы «Төртiншi мұнай өңдеу зауытының кемiнде төрт-бес жыл салынатынын" айтты.

Ал болашақта бізден мұнай өнімдерін қай елдердің сатып алуы ықтимал деген мәселеге орай пікірін таратып айтты. "Солтүстiк көршіміз Ресей мұнай өнiмдерiнен таршылық көріп отырған жоқ. Қытайда технология мен жұмыс күшi арзан, бәсекеге қабiлеттi зауыттар көп. Әзірбайжанда да солай. Сондықтан негiзгi экспорттық әлеуетi бар нарығымыз - оңтүстiк", - деді.


Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы:


Олар - Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан, Ауғаныстан. Ресей өзiнiң экспорттық қуатын осы нарыққа жұмсауда. Ресеймен бәсекелесу керек. Осы мәселелер қазiр Үкiметте талқылануда.

Сауат Мыңбаев екінші жарты жылдықта Қашағандағы мұнай өндірісі жандануы мүмкін екенін хабарлады. Ал күні кеше экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев Қашағаннан ағымдағы жылы 3 миллион тонна мұнай өндіреміз деген. Алайда "Қазмұнайгаз" басшысы бұл сандармен келіспейді. 


Сөзіне сенсек, кен орнындағы апатқа қатысты зерттеу қорытындысы наурыз айының соңында шығады. Осыдан соң ғана мұнай өндірісі туралы сөз қозғауға болады. Сонымен қатар "Қазмұнайгаз" басшысы 1 сәуірден бастап мұнайшылар жалақысының 10 пайызға артатынын хабарлады.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы:

Тек орталық аппарат емес, басқармадағы барлық компаниялардың қызметкерлеріне 10 пайызға жалақы артады. Және бұл шешім мемлекет басшысының бұйрығымен іске асып отыр.

Әлия ӘШІМ