Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте шекара қызметінің басшылары мінген АН-72 ұшағының апатына қатысты сот отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 04 наурыз 2014
  • 1547

Шымкентте шекара қызметінің басшылары мінген АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Қайғылы оқиға 2012 жылдың 25 желтоқсанында болған еді. Шекарашылар мінген ұшақ әуежайға 20 шақырымдай қалғанда апатқа ұшырады. Сот барысын Айзада Төребекқызы бақылап қайтқан еді.

Осыдан тұп-тура 1 жыл екі ай бұрын болған қайғылы оқиғаға қатысты қаралған іс бүгін сот залында жария болды. Бас-аяғы 42 томнан тұратын қылмыстық іс Абай аудандық сотында қаралуда.


Айыптау орындығында бір ғана адам. Қанат Ақылбеков - «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері. Оған 27 адамның өліміне себепкер болды деген айып тағылған. Айыптаушы тараптың айтуынша, Ан-72 ұшағының апатқа ұшырауына диспетчердің кәсіби біліктілігінің төмендігі себеп болған.


Әшірбай Сахаев, ҚР Бас прокуратурасының прокуроры:


Әуе апаты тікелей әуе кемесі экипажының қонуға белгіленген кестені бұзуы салдарынан болған. Өйткені экипаж ұшақтың төмендеуіне рұқсатты Ақылбековтен 2 минуттай күткен.


«Қазаэронавигация» басшылығының диспетчерге қатысты мінездемесі жаман емес. Оның мекемеге жұмысқа орналасқанына 5 жылға жуықтаған. Дегенмен «ол кемшілікке жол берді» дегенге күмәнмен қарайды. Сол күні апатқа ұшыраған ұшақтың алдында және содан кейін де екі бірдей ұшақты күн райының қолайсыздығына қарамастан аман-есен қондырыпты.


Михайл Лужин, «Қазаэронавигация» МҚК әуе көліктеріне қызмет көрсету мекемесі Шымкент қалалық филиалы басшысы:


Қажет болған жағдайда, нұсқаулық бойынша диспетчерлерге ұшу бағыттарымен қоса тіркеу әдісін қолдануға рұқсат беріледі. Бұл жерде әуежайда ауа -райының бұзылып кеткенін де ескеру керек. Экипаждың кабинадағы әңгімелерімен танысқан соң, Астана әуежайынан көкке көтерілгеннен бастап соңғы сәтке дейін ұшқыштарда еш күмән болмағаны анықталды.


Естеріңізге салайық, күллі жұрттың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға 2012 жылдың 25 желтоқсанында болды. Әуе апатынан 27 адам мерт болды. Оның жетеуі экипаж мүшесі. Жиырма жолаушының он тоғызы шекара қызметінің басшылары. Олардың арасында ҰҚК шекара қызметі директорының міндетін атқарған Тұрғанбек Стамбеков пен оның зайыбы да болды. Әскери топ жылды қорытындыламақ мақсатта Астанадан Шымкентті бетке алып ұшып шыққан. Алайда әскери ұшақ діттеген жерге санаулы шақырым қалғанда күл талқан болды.

Алғашқыда апатқа себеп болған басты фактор ретінде ауа-райының қолайсыздығы аталған. Ал бүгін сотқа қатысқан марқұмдардың туыстары бұл жерде диспетчердің кінәсі барына күмәнсіз. Тәжірибелі экипаж мүшелерінің шатасуы мүмкін емес деп санайды жәбірленуші тарап.


Сауле Үсенова, жәбірленушінің туысы:


Неге диспетчер оның биіктігін көрмеді? Сол бізге қызықтырып жатқаны. Сонша 800 метрде, ол 800 м емес, 300 м деді ме. Онда диспетчер көрмеген, соны несін 300 метрді. Ол айту керек еді. Мен солай ойлаймын да енді.


Сот отырысына жалпы сегіз куәгер қатысып отыр. Олардың қатарында ресейлік сарапшылар да болуы мүмкін. Бүгін куәгерлер тындалды. Ал келесі сот отырысы он үшінші наурызда жалғасады. Айыпталушының өзі де тағылған айыппен толықтай келіспейді. 29 жастағы Қанат Ақылбековке ешқайда шықпау туралы қолхат табысталған.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ