Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жалған смс-хабарлама таратушының мүлкі тәркіленді

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2014
  • 1376

«Еліміздегі бірқатар банктер жабылады», - деп елді дүрліктірген азамат мүлкінен айрылды. «Алдау немесе сенімді ақтамау арқылы біреудің мүлкіне зиян келтірді» деген айыппен 20 күнге қамалған Дархан Сәбденовтің мүлкін тәркілеу туралы «Каспий банктің» өтініші қанағаттандырылды. Мұндай шешімді Алматыдағы Бостандық ауданының соты шығарды.

Тәркіленген дүние-мүліктің құны екі миллион теңгеге жуық деп бағаланған. Анық болғандай, жалған хабар таратушы азамат «Каспий банкіне» қарыз. Бір жылға жуық уақыт несиесін төлемеген.

Еске салайық, Дархан Сәбденов еліміздегі «Альянс», «Каспий» және «Центркредит» банктері көп ұзамай банкротқа ұшырайды», - деп жалған хабарлама таратқан. Ол Алматы қаласындағы «Центркредит банкі» филиалдарының бірінде сынақ мерзімі бойынша қызмет еткен. Енді бұл банктер жалған хабарлама келтірген зиянды өндіруді көздеп отыр. Іс бойынша сот отырысы Алматыда наурыздың 12-сі күні өтеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ