Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында 8 наурыз мейрамы аталып өтті

  • AstanaTV
  • 07 наурыз 2014
  • 1645

Бүгін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында 8 наурыз мейрамы аталып өтті. Компаниямен еншілес "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамы "Солтүстік" аймақтық филиалының басшылығы әріптес әйелдерді мерекесімен құттықтады. Толығырақ Жұрағат Баман тарқатады. 


Алма Тәжікенова өмірінің тең жартысын жолда өткізген. Дәлірек айтсақ, отыз жыл. Көбінесе шетелдерге қатынайтын кейіпкеріміз, үш-төрт күндеп отбасын көрмейді. Жұмыс талабы сондай. "Ұнатқан кәсібің - нәсібің", - дейді Алма.


Алма Тәжікенова, жолсерік:


Мен ойлаймын, әр адам қай салада жұмыс істесе де, өзінің мамандығын қай дәрежеде болса да, сүйіп істеу керек. Мен сондай адамдардың бірімін деп есептеймін. Себебі бір жерде отыз жыл жұмыс істеу деген әр адамның қолынан келе бермейді. Өзімнің жұмысым өзіме өте ұнайды.


Бүгінде "Солтүстік" аймақтық филиалына қарасты астаналық, павлодарлық, қарағандылық және қостанайлық учаскілерде 1758 әйел қызмет етеді. Ал мұндай мерекелік сый-сияпатты әріптес ер азаматтар дәстүрге айналдырған.


Қадыржан Өмірзақов, "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Солтүстік" аймақтық филиалының директоры:


Темір жол саласындағы әйелдердің басым бөлігі жолсерік міндетін атқарады. Бұдан басқа кассада, қоймаларда және жабдықтау цехтарында еңбек етеді. Біз солтүстік аймақ бойынша 22 бағытта қызмет етеміз. Міне бүгін өңірлерді қосып, барлық асыл жандарымызды құттықтаудамыз.


Барлық ыдыс-аяқтарды алыңдар! Төсек, матрастарды реттеңдер. Шымылдық, перделерді ауыстырыңдар.


Кейінге қалдыруға болмайтын - үнемі қозғалыстағы жұмыс. Мереке күні теміржолшылар тіршілігі қыза түседі. Құттықтаулар тәмам болғанда, кейбіреулері тағы да жолға аттанды. Жолсеріктердің көбі 8 наурыз мейрамын поезд ішінде, жүріп бара жатып тойлауға дағдыланған.


Гүлден Сыздықова, жолсерік:


Бар өміріміз осы шойын жолда өтеді. Әттең, кейде жақындарыңның қасында тойлатқың келеді. Алайда жұмысымыз осылай.


Сонда да жолсеріктер жолға көтеріңкі көңіл-күймен шығады. Себебі мерекелік датаға орай оларға ақшалай сыйақы берілді. Бұған қоса басшылық сәуір айынан жалақының он пайызға өсетінін хабарлаған.

 

 Жұрағат БАМАН