Алматыдағы Алатау ауданының тұрғындары күннің жылынып, қардың бірден еруінен қауіптеніп отыр. «Шаңырақ-2» және «Ақбұлақ» шағын аудандарында қызыл судың ағып кететін арықтары мүлде жоқ, сондықтан қар еріндісі үйді-үйлерге жайыла бастаған. Ал автокөлік пен жүргінші жолдарының сайлы жерлерінен жүріп-тұру тұрғындар үшін мұңға айналған. Қалалық әкімдікке қарасты коммуналдық-шаруашылық қызметі жұмысының шалағайлығынан зардап шеккен жұрт бүгін өз наразылықтарын білдірді.
Мынау осыдан 5 жыл бұрын құрылған Алатау ауданының орталығы.
Жанқожа көшесінде ауданның мектебі, балабақшасы, емханасы мен халыққа қызмет
көрсету орталықтары орналасқан. Тиісінше тұрғындар да осы жолдың бойымен
қатынауға мәжбүр. Ал оның сиқы мынадай. Ат шаптырым аумақты алып жатқан көлшік
судың барар жері жоқ.
Дулат Рақымжанов, тұрғын:
Жаяу жүргінші бар, оқушылар бар, сабаққа баратын. Өте алмайды мына жерден.
Асфальт соның кесірінен құрып, жылда жамайды да жатады. Машина да өте алмай
тұр әне.
Бақыт Байдәулетова, тұрғын:
Неге осыны жөндемеске, көп қаражат бөлініп жатыр деп есеп беріп жатады.
Соның нәтижесі мынау ма, ақша қайда жұмсалады.
Шешімін күтіп тұрған коммуналдық проблемалар «Ақбұлақ» елді мекенінің де тұрғындарын мезі еткен. Күз-көктем айларында бұл жердегі батпақ пен шалшық судан аяқ алып жүру мүмкін емес. Күн жылына бастағанда бұл маңдағы тұрғындар кетпен-күрегін алып көшеге шығады. Жаяу жүргіншілер үшін арнайы жолдың да қарастырылмауы мектепке қатынайтын оқушылар үшін ауыртпалығын тигізеді.
Жанар Тырайсова, тұрғын:
Қарапайым арық жоқ қой мұнда, көрген күн осы, батпақ, бүкіл еріген су осы
көшеге жайылады да жатады.
Нұрмұхамед Баратов, тұрғын:
Акиматтан ешкім келмейді. Өз күшімізбен осыны арықтарды бұрып, суды
қуалаумен күніміз өтіп жатыр. Анау орталық көшеге асфальт төседі, бірақ арығы
жоқ. Сол жерге барып жиналады су деген.
Халықтың күнделікті тіршілішігінен жергілікті әкімдік те хабардар
екен. Атқамінерлер аудан аумағында елді елеңдеткен мәселелер бойынша төтенше
жағдайлар департаментімен бірігіп қамданып жатқанын айтады. Қалаға қарасты
салалық басқармалар қаражат бөлген соң, тұрғындарға нақты көмек көрсетіледі.
Мұқан Алмасаев, Алатау аудандық коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы:
Жанқожа көшесі бойынша сметалық құжаттама дайын. Осы мамырдан бастап жол
кеңейтіледі. Соо жерде арық та, жол жмегіндегі тротура да, жарық та
қарасытрылған.
Бес жыл бұрын Алматыдан шеткері орналасқан 18 шағын елді мекен
біріктіріліп, Алатау ауданы құрылған болатын. Қазір бұл жерге 300 мыңға жуық
халық қоныстанып үлгерген. Тиісінше бюджеттен ауданның инфрақұрылымын дамытуға
бөлінетін қаражат та қомақты. Бүгінге дейін елді мекендерді көркейтуге 70 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Алайда халықтың көңілі толмайтын шаруалар шаш
етектен. Мұнда жер бедері ойлы-шұңқырлы болғандықтан, көктем айларында тұрғын
үйлерді су басу қаупі күшейеді. Алдағы күндері синоптиктер ауа-райының күрт
жылынуын болжайды. Сондықтан жұрт та көп мөлшерде жауған қардың еруінен
қауіптеніп отыр.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ