Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кселл» байланыс операторына 16 миллиард теңгеден аса айыппұл салынды

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2014
  • 1063

«Кселл» байланыс операторына «тұтынушылардың құқығын бұзғаны» үшін 16 миллиард теңгеден аса айыппұл салынды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің ұялы байланыс компаниясына қарсы талап-арызын Алматы қаласының ауданаралық әкімшілік соты қанағаттандырды. Бұл туралы хабарды соттың баспасөз қызметі таратты.

Айтуларынша, «Кселл» ұялы байланыс операторы нарықтағы басымдық жағдайын пайдаланып, тұтынушылардың құқығын бұзған. Құқық бұзушылық негізінен «Актив» операторының «Күндізгі шектеусіздік» тарифтік жоспарына қатысты болып отыр. Яғни абоненттің шотындағы қаражат нөлге тең болса да, тарифтік жоспарға қатысты күнделікті қаржы алынып отырады. Ал қарызға батқан абонент жеке шотын толықтырса да, тарифтік жоспарды сол мезетте пайдалана алмайды.

Сот шешімі жетінші наурызда шыққан. Десе де, сот шешімі әлі күшіне ене қойған жоқ. Ал «Кселл» компаниясы соттың шешімі мен тағылған айыптың негізсіздігі жөнінде хабарлама таратты. Онда «Кселл» компаниясының апелляциялық шағым түсіретіндігі жазылған
.


Қуандық Ешімет, Алматы қалалық сотының баспасөз жетекшісі:


Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен «Кселл» компаниясы кінәлі деп танылып, оған қатысты ҚРҚК-тің 147 бабы, 3 тармағы бойынша 16 миллиард 53 миллион теңге айыппұл салынды.


Досжан МАРАТҰЛЫ