Русский Сайттың толық нұсқасы

Қалыңдық алып қашқандарға қолданылатын жаза өзгермейді

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2014
  • 980

Қалыңдық алып қашқандарға қолданылатын жаза өзгермейді. Мәжіліс депутаты Светлана Романовскаяның «қыз ұрлаушыларды 15 жылға соттау қажет» деген ұсынысы жеке дара қаралмайды. Бүгін бұл туралы Қылмыстық кодекс жобасын талқылау үшін арнайы құрылған Мәжіліс депуттарынан тұратын жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. 


Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі: 


Бұл ұсынысын әзір жұмыс тобы қолдамай отыр. Себебі біздің Кодексте жалпы адам ұрлау деген жеке қылмыс ретінде көрсетілген. Ол адамды зорлап және, мысалы, оның мүддесін бұзып, үйленем дегені ме, тағы сондай, оның бәрі қылмысқа жатады. Қылмыстық заңда ол көрсетілген.


Еске салайық, бұған дейін депутат Светлана Романовская Қылмыстық кодекстің 125-тармағы, 2-бабына өзгеріс енгізуді сұраған. Ол отбасын құру мақсатында жасөспірім қызды ұрлап кету - ауыр қылмыс деген-ді. Бүгінгі кездесуде де Мәжіліс депутаттары Қылмыстық кодекстің өзгеріcке ұшырауы мүмкін баптарын талқылап шықты.

ЮНЕСКО, Penal Reform International  халықаралық ұйымдарының өкілдері де өз ойларын қосты. Былтырғы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 9 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркеліпті. Сондықтан үстел басына жиналғандардың басты мақсаты «жасөспірімдерге залал келтіргендерге жазаны күшейту, ал кәмелетке толмағандарды қолдау» болды. Өзгерістер енгізілген жаңа Кодекс 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 


Сымбат МОЛДАТАЙ