Русский Сайттың толық нұсқасы

Бірыңғай зейнетақы қорынан банктерге ақша бөлу басталды

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2016
  • 1802

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан екінші деңгейдегі 6 банк 30 млрд теңге алып үлгерген.Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков нақ қай банктер екенін санамалаудан бас тартты. Жалпы зейнетақы қорынан еліміздегі 35 банктің 30-ы ақша алады. Ақша бөлінбейтін 5 банктің қай банктер екені де айтылмай отыр. 

«Экономиканы сауықтырамыз» деп былтыр өкімет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,4 трлн теңге бөлінетінін өздері шешкені мәлім. Оның 200 млрд теңгесі шағын және орта бизнесті несиелеу үшін банктерге беріледі. Жартысы бұрын берілген несиелерді қайта қаржыландыру үшін, қалған жартысы кәсіпорындардың айналымдағы капиталын үстемелеу үшін бөлінеді. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, бұл несиелердің 9-10 пайыздық мөлшерлемемен берілетінін айтқан.  

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Өткен апта соңындағы мәліметке сай, үш жақты келісімшатқа отырған 6 банк зейнетақы қорынан 30 млрд теңге алды. Бағдарламаның іске асуын Даму қоры бақылайды. Елімізде жұмыс істейтін 35 коммерциялық банктің 30-ы бағдарлама талаптарына сай келіп тұр. Қалған бесеуі қатыспайды.

Ал зейнетақы қорының активтерін жекеменшік компанияларға беру тетіктері 2016 жылдың соңына дейін бекітіледі. Ұлттық банк төрағасының тағы бір орынбасары Дина Ғалиева, активтердің нақты қанша пайызы отандық, қаншасы шетелдік компанияларға басқаруға берілетінін айтпады. 

 Тағы бір мәселе – Бірыңғай зейнетақы қорынан ақшаны мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын қордың басқарма төрағасы Руслан Ерденаев хабарлады. Заң бойынша зейнетақы салымдарын мерзімінен бұрын алуға тыйым салынған. Мерзімінен бұрын 50-ге толған әйелдер, 55-ке толған ер кісілер ала алады, онда да белгілі-бір жасқа дейін жететін ақша жинаған болса. Ерденаев, шетелдік тәжірибені қарап жатқандарын айтты. «Малайзия, Сингапур, бірқатар еуропа елдерінде аса қажет жағдайда зейнетақы салымын мерзімінен бұрын алу үрдісі бар. Бірақ салым жеткілікті болуы керек. Салымды ауыр дерттерді емдеуге, білім алуға, баспана сатып алуға береді. Осы мәселе бізде де талқыланып жатыр», -деді зейнетақы қорының басқарма төрағасы. Мұны естігенде зейнетақы жарнасын төлейтіндердің қуанатыны сөзсіз – көпшілікке әсіресе «баспана алуға» деген нұсқасы ұнайды. Бірақ ол үшін «жеткілікті ақша жатуы тиіс» деген шарт өзгеріс енген күнде іске асуы екіталай мүмкіндік екеніне нұсқайды...

Енді мынадай мәлімет: қазақстандықтардың қаржы ұйымдарына қарызы 300 млрд теңгеге жеткен. Борышкерлердің саны 5 млн. 64 пайызы кредиторлардан «қашып» жүр. Қарыздың 28 пайызы ипотекалық несие бойынша. Бұл мәліметтер Парламент Мәжілісінің профильді комитетінде «коллекторлық қызмет» туралы заң жобасы талқыланғанда айтылды. Жұрттың қарызын қайтаратындар туралы заңға байланысты жұрттың пікірі «Өзге пікір» айдарында беріледі.