Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыны ластап отырған көліктер ғана емес, 2-Жылу электр орталығы

  • AstanaTV
  • 30 сәуір 2016
  • 4913

Экологтардың есебінше Алматыдағы 2-Жылу электр орталығы онсыз да түтінге тұншыққан қаланың «жөтелін» одан сайын күшейтіп отыр. Алайда «Самұрық-Энерго» -ң басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев «Алматы Жылу электр орталықтары еліміздегі экологиялық жағынан ең таза энергетикалық нысандардың бірі» деген комментарий берді. Сатқалиев «1- ЖЭО толығымен газға көшірілген, ал 2-сінде күлді 99 пайызға ұстап қалатын қондырғылар орнатылған»,- деді.

Кейбір дерек көздері мәселе «көмір лоббиінде» дейді. Жылу орталығында Қарағандының емес, Екібастұздың көмірі «лаулайды». Ал Қарағанды көмірінің күлі Екібастұз көміріне қарағанда төмендеу.

Ришат Асқарбекұлы мәселені жіктеп көрді.

Алматыда соңғы 15 жылда қаланың ауасын ластап жатқан автокөліктер деген пікір елдің санасына әбден сіңісті. Қала билігі экологияны оңалтуға бағытталған бағдарламаларды да, қаражатты да осы салаға бағыттаумен әлек.  Автобустарды газға көшіру, жеке көліктерді табиғи газбен жүруге ынталандыру. Алайда бұл бастамалардың шаһардың тынысын кеңейтпейтінін уақыт көрсетті.

Экология туралы ролик 

Уақытында жиналмайтын қоқыс, Алатау ауданындағы жер үйлерден шығатын көмір ысы да қоршаған ортаға зиянды. Алайда Алматы сияқты әсем қаланы тұншықтырып тұрған бұл ғана емес. Алатаудың етегіндегі жасыл-желекті шаһарға батыстан соққан леппен мынандай қою тұмандар жөңкіледі. Әсіресе ондай көріністі күн суытып, жылу маусымы басталған сәтте айқын байқауға болады. 

Константин Пак, Алматы қаласының тұрғыны:

Жыл сайын 15 -қазанда қалаға жылу беріле бастайды. Шаһардың түтінге булыққанын бірден байқауға болады. Осылайша көктем келіп, жылу электр орталығы жылу маусымын аяқтағанша, қаланың үстін түтін тұмшалап тұрады. Мен оны күнделікті мына ғимараттың 22 қабатынан  фото-бейнеге жазып отырдым. 

Константин жақында сол №2 Жылу электр орталығынан шығып, қалаға қарай желмен бірге көшетін түтін туралы бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялаған. Интернет қолданушыларының қызу талқысы мен  жүздеген пікірі Алматыда экологиялық ахуалдың шектен шыққанынан хабар береді. Константин осыдан соң, қала экологиясын бұзатын  автокөліктер деген жаңсақ пікір, деген түйін жасапты.

Мамандар есебінше, Алматының ауасын ластап отырған ең қауіпті нысанның бірі- осы. ТЭЦ-2 өткен жылы ғана қоршаған ортаға 30 мың тонна қалдық шығарған. Алматы қаласының  2018 жылға дейінгі экологиясын оңалту туралы бағдарламада да мұндай деректер кездеседі. Алайда бұл мәселенің түбегейлі шешілуіне бастайтын нақты қадамдар жоқ.

№2 Алматы жылу электр орталығы – оңтүстік аймақтағы ең ірі энергетикалық кешен. Қырық жыл бұрын пайдаланылуға берілген станция Алматы қаласының 80 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Сондықтан стратегиялық нысан ерекше қорғалады.

Графика:  Орталықта тәулігіне 6 мың, ал жылына орташа есеппен 2,5 миллион тонна көмір жағылады. Станцияда 7 қазандық, 6 бу турбинасы жұмыс жасайды. Жылудан тыс орталық 510 меговатт электр энергиясын өндіреді. Ол Алматы мен жақын орналасқан Алматы облысына қарасты аудандардың 45 пайызына қуат көзін беріп отыр. 

Жылу электр орталығында қазір жұмыс қуаты күн жылынғандықтан азайған. Жаз айларында негізінен қаланы ыстық сумен қамтиды.  Жылу орталығына 2011-2013 жылдар аралығында республикалық бюджет пен инвестиция есебінен 45 млрд. теңге  жұмсалыпты. Бұл аз қаражат емес. Десе де қоршаған ортаны экологиялық сауықтыруға жасалған қадамдар жүзеге асырылды дейді, орталық инженері.

Ғази Исмұхамбетов, №2 Алматы жылу орталығының бас инженері:

Біз экологияға қатысты жұмыстарды тоқтатқан емеспіз. Қалдықтардың мөлшерін есептеп, бақылап отыратын арнайы қызмет бар орталықта. Олар өлшеп, газдың құрамын нақтылап береді. Одан бөлек арнайы экологиялық мекемемен келісім-шартқа отырып, олар мониторингті министрлікке жіберіп отрады. 

Экологтар да Алматы  ауа райындағы өзгерістерді энергокешендермен байланыстырады. 2-жылу орталығы бастапқыда Қарағандының сапалы көміріне есептеп салынған. Каллориясы жоғары Қарағандының қатты отыны экономикалық тұрғыдан тиімсіз болыпты. Энергетиктер амалсыздан жылу орталығын Екібастұз көміріне қайта бейімдеген. Сол сәттен бастап станция жылына 2 млн. тоннадан асатын көмірді жағып, одан шығатын қалдықтарды ауаға таратып отыр. Мамандардың есебінше, бұл бір сәтте 15 мың тонна күлді Алматының үстінен шашып жіберумен тең.

Абай Ерекенов, эколог:

Алматы әкімдігі инвестиция тартып, қаладағы жылу орталықтарын газға көшірудің орнына басқа қадам жасады. Бұрын Қарағандының сапалы көмірімен жұмыс істеп тұрған орталық қазір Екібастұздың қалдықты көп шығаратын көміріне ауыстырылды. Алматы күннен күнге ластанып барады. Бұрын Қарағанды көмірімен жылытылғанда, ауаның ластануы 10 пайыз деп қарастырылатын. Қазір Екібастұздан жеткізілетін сапасы төмен отынның салдарынан оның сыртқа шығаратын шығындары кем дегенде 20 пайыз. Сондықтан бұл- моральдық тұрғыдан тозған жылу орталығы болып саналады. 

Алайда Қазақстанның құрметті энергетигі Марат Дұлқайыров «№2 Алматы Жылу электр орталығы» моральдық тұрғыдан ескірді дегенмен келіспейді. Инженердің сөзіне қарағанда орталық бастапқыда-ақ көмірдің кез-келген түріне бейімделіп салынған. Қазақ жерінде 500 жылға жететін көмір қоры бар. Сондай-ақ маман -жылу орталығын көмірден газға алмастыру мүмкін емес,- дейді. Оның бірнеше себебі бар. Ең біріншісі- қауіпсіздік мәселесі.

Марат Дұлқайыров, ҚР энергетик инженерлер одағының бас директоры:

Білесіз бе,  бәрін ойша істеп тастауға әуеспіз. Алматыдағы бұл жылу орталығын газға алмастыру мүмкін емес. Ол біріншіден қауіпті. Себебі оның аумағында газ жиналатын қалташалар көп болмақ. Ылғи оның аумағында  дәнекерлеу жұмыстары жүргізіліп жатады. Сондықтан жарылыс қаупі жоғары. Екіншіден, кешен сейсмикалық аумақта жатыр. Оны да ескеру керек.

«Самұрық Энерго» компаниясының жетекшісі Алмасадам Сатқалиев те жылу кешенін газбен жабдықтау қымбат, әрі қауіпті деп есептейді.Тіпті Алматыдағы жыл орталықтары еліміздің энергетика саласындағы ең таза деген кәсіпорындар,-дейді.

Алмасадам Сатқалиев, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

Алматыдағы жылу электр орталығы күрделі жаңғырудан өтті. Күлді ауаға шашпайтын соңғы үлгідегі эмульгаторлар қойылды. Ал күкірт пен азотты ұстап қалатын оттықтар мен сүзгілер  еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Осылайша ауаның ластануын 80 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік. 

Бар  әлеуетті сарқып, қаланың экологиясы үшін орталықты газға алмастыруға бола ма?- деген сұраққа өзге мамандар да біржақты жауап қатты. Ал  «Караван» басылымы  осы жылдың 25 сәуіріндегі нөмірінде елімізде Екібастұз көміріне деген лоббидің бар екенін жазған. Газеттің келтірген деректеріне қарағанда, қазір көмірге деген сұраныс төмендеді. Тіпті Ресей де елімізден көмір сатып алу келісім-шарттарын қысқартқан. Ал дамыған мемлекеттер энергокешендерді көгілдір отынға бейімдеп жатыр. Бірақ Қазақстанда көмір өндіру көлемі қысқарған жоқ. Тиісінше отынды өткізудің негізгі көзі- елдегі осындай жылу электр орталықтары екені даусыз,- деп жазады басылым.

 Еуропада жыл сайын қоршаған ортаның ластануынан 18 мың адам көз жұмады екен. Экология зардаптарынан көз жұматын жандар бізде де жетеді,- дейді эколог Абай Ерекенов. Бірақ оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Қазақстанда адам өлімінің себебі негізге алынбайды, керісінше аурудың түріне қарап есепке алу үрдісі қалыптасқан. Ал жалпы Алматы қаласы  онкологиялық түрлі ауру-сырқаулар бойынша тізім бастап тұрған аймақтардың бірі.

Тұрғындардың пікірлері:  - Транспорт, үлкен үйлер ғой. Әл- фарабидегі биік үйлерді алу керек, ауаны ұстап қалады солар.

 - Соңғы уақыттар қалада газға көше бастады транспорттар. Байқалады. 5-6 жыл бұрынға қарағанда ауа тазарып келеді. Десе де ағашты көп отырғызу керек.

- Егер бұрынғы Алматыны есе алсақ, ауа еркін айналатын еді. Аллергиялық аурулар болмаушы еді. Қазір айналада құрылыс көп, бәрі жабық, лас ауа қайда барады.  Мәселе осында ғой.

Кейбір мамандар  №2 Жылу электр орталығы  табиғи газдың тапшылығынан жаңғыртылмай отыр, дейді. Бұл пікірдің де жаны бар. Себебі Қазақстанда табиғи газ тапшы. Қытаймен бірлескен жоба арқылы алып газ құбыры салынған. Бірақ Алматыдағы жылу орталығын қалыпты жұмыс істету үшін миллиардтаған текше метр көгілдір отыны  қажет. Жоба адам айтқысыз қымбат болады. Тиісінше қарапайым халық үшін тарифтер де аспандап кетеді. Сондықтан тығырықтан шығатын жалғыз жол - жылу энергетика орталығында күлді, лас қалдықтар мен ауыр металдарды ұстап қалатын сүзгілерді жетілдіріп отыру. Басқа амал жоқ.

Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».