Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін Кеден одағы елдеріне экспорттау мүмкіндігіне ие

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2014
  • 1817

Шығыс қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін сапалы өңдеу арқылы Кеден Одағы елдеріне тауар экспорттау мүмкіндігіне ие болып отыр. Соның жарқын дәлелі сүт өнімінің елуден астам түрін даярлайтын "Эмиль" фирмасы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауының арқасында жаңа технологиялар сатып алып, өндірістің жаңа сатысына шықпақ. 


Осыдан 20 жыл бұрын алғаш құрылғанда "Эмиль" фирмасы күніне небәрі үш тонна сүт өңдейтін. Бүгінде фирма қуаттылығы күніне 75 тонна сүт өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда ірімшік, айран, сүзбе мен кілегей сынды табиғи таза өнімдердің түр-түрі шығарылады. Енді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауының арқасында фирманың өндірістік қуаттылығы күніне 100 тонна сүт өңдеуге дейін артпақ.


Анна Никифорова-Аберле, «Эмиль» ЖШС директоры:


«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның көмегімен сатып алатын жаңа технологияның арқасында күніне 100 тонна сүт өңдеуді жоспарлап отырмыз. Бұл өз нарығымызды толық қамтамассыз етіп, Ресей еліне тауар экспорттауға мүмкіндік бермек.


«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен сатылып алынатын жаңа технология сүттің макро, микро элементтерін жоғалтпай, өнімді құнарлы өңдеуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ "Эмиль" ЖШС шығаратын тауарлар түрі де артпақ. Үш жастан асқан балалар қорегін шығару да жоспарда бар.


Нұржан Садықов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:


Қазіргі таңда аграрлық несие корпорациясы нақты несие бағдарламаларын жүзеге асырып отыр. Соның ішінде "Эмиль" инвестициялық жобасы. Біріншіден, өнім сапасы артады. Өнеркәсіп қуаты өседі. Және тұтынушы нарығы артуы тиіс.


Кәсіпкерлер болса «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өндірісті дамытуға қосар үлесі зор деп отыр. Екінші деңгейлі банктер ұсынған несие пайызы өте жоғары. Ал корпорация несиенің жарты сомасын субсидиялайды.


Нұржан Садықов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:


Аграрлық корпорация нақты жобаларды іске асырғандықтан өндіріс көлеміне қарай несие береді.


«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жеңілдетілген несиесіне бүгінде өңірдің 4 кәсіпорыны жүгініп отыр. Жалпы 177 миллион теңгеге несие алған шаруалар келешекке кемел сеніммен қарайды. Мақсаттары кәсібін дөңгелетіп, ел мен шетелдік нарықты бағындыру.


Қанат ОРАЛБЕК