Алты жыл бас бостандығынан айырылып,
бар мүлкі тәркіленеді. Бұндай үкімді сот Ақтау
қалалық мәслихатының экс-депутаты Қайыржан Аргеновке қатысты шығарды. Шенеунік
өткен жылдың қараша айында пара алуы кезінде ұсталған.
Еске салайық, ел қалаулысы жергілікті
кәсіпкерлердің біріне жер телімін бөліп беруге уағдаласқан. Осы қызметі үшін ол 4 миллион теңге талап еткен. Кейіннен
депутаттың бұндай қылығына келіспеген кәсіпкер дереу қаржы полициясына
жолыққан. Нәтижесінде Қайыржан Аргенов параны қолма-қол алу барысында ұсталған.
Қаржы полициясы алаяқтық фактісі
бойынша қылмыстық іс қозғады. Себебі, депутаттардың жер телімдерін бөлуге еш құзырлары жоқ. Енді Ақтау қалалық соты экс-депутатқа
қатысты сот шешімін шығарды.
Марет Ковраева, Ақтау қалалық сотының
судьясы:
Қайыржан Аргеновты кінәлі деп санап, Қазақстан Республикасы Қылмыстық
кодексінің 177-бабының 4-тармағы бойынша 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы
берілсін. Бар мүлкі тәркіленіп, жалпы
режимдегі түзету колониясына жеткізілсін.
Мұстақим Түлеев, адвокат:
Енді біз кассациялық және апелляциялық сотқа арыздануымыз керек. Онысыз бізді Жоғарғы сот қабылдамайды. Соттың олқылықтарын
анықтап, шағымданатын боламыз.
Жұрағат БАМАН