Русский Сайттың толық нұсқасы

«Барыс» командасының шабуылшысы Талғат Жайлауов жанкүйерлер кесірінен жарақат алды

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2014
  • 1007

«Барыс» командасының шабуылшысы Талғат Жайлауов жанкүйерлер кесірінен жарақат алды. Команданы әуежайдан күтіп алған клуб жанкүйерлері шабуылшыны алақандарына салып, қошемет көрсетті. Кезекті лақтырыс кезінде хоккейші баспен құлап, есінен танып қалды. Салдарынан миы шайқалған спортшының енді алдағы уақытта өтетін жарыстарға қатысуы екіталай. Артық қыламыз деп, тыртық қылған «Барыс» жанкүйерлері енді шабуылшыдан кешірім сұрап әлек.




Астанада теннистен жүлде қоры 10 мың АҚШ долларын құрайтын халықаралық турнир мәресіне жетті. Ақтық сында Қазақстан теннисшісі Камила Керімбаева Ресей спортшысы Наталья Орловамен бас жүлдені сарапқа салды. Кездесуді ширақ бастап, қателікке бой алдырмаған отандасымыз бірінші сетте 6:4 есебімен алға шықты. Үзілістен кейін тез жиналған ресейлік жасындай жарқырап, таразы басын теңестіріп кетті. Шешуші сетте алаң иесінің бас көтеруіне мүмкіндік бермеген Наталья Орлова 6:1 есебімен үздік шығып, турнир жеңімпазы атанды.




АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында «Мастерс» турнирі аяқталды. Ерлер жарысында іріктеу сынынан сүрінбей өткен Новак Джокович пен Роджер Федерер бас жүлде үшін талас жүргізді. Соңғы уақытта қарқыны мықты Швейцария спортшысы бірінші сетте сауатты ойнымен ерекшеленіп, 6:3 есебімен басым түсті. Үзілістен кейін жеңісіне ерте сенді ме, әлде қарсыласын бағаламады ма, әйтеуір алаңда сылбыр қимылдаған Федерер ойын тізгінін қарсыласына беріп алды. Мұндай мүмкіндікті ұрымтал пайдаланған Сербия спортшысы таразы басын теңестіріп кетті.

Үшінші сет тартысты өтті. Екі спортшыда аянып қалмай, жеңіс үшін барын салды. Негізгі уақыт 6:6 есебімен тең аяқталғандықтан жеңімпаз тай-брейкте анықталды. Бұл лотереяда жолы болған Новак Джокович кездесуді өз пайдасына шешіп, жүлде қорына тігілген 5 млн 946 мың АҚШ долларының басым бөлігін қалтасына басты.

Самат ҚАНАҒАТОВ