Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда қар еріп, ауылдарды су басып жатыр

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2014
  • 1524

Батыста тасқын қаупі күшейе бастады. Оралда күн райы күрт құбылып, жаңбырдың соңы қарға ұласты. Қазір шаһар шетіндегі Жұлдыз бен Зашаған және Деркөл елді мекендерімен қатынас қиындады. Қалалық балалар ауруханасының жертөлесін су басса, ойпатта орналасқан тұрғын үйлерге де еріген қар суы қауіп төндіруде. Әсіресе, орталықтан шеткері орналасқан жеке тұрғын үй секторындағы ахуал алаңдатарлық.

Қазір қар суынан қорыққан тұрғындардан күніне 70-тен астам қоңырау түседі екен. Судан құтқару үшін арнайы техника жұмылдырылды. Күні бүгін су басу қаупі бар көшелер судан тазартылып, 11 761 текше метр су сорылып алыныпты.

Ал ауа райын болжаушылар өңірдегі өзен суларының көтерілу деңгейі жылдағыдан жоғары екендігін, әсіресе, Шаған, Шежін-2 мен Үлкен Өзеннің арнасынан асуы мүмкін екендігін айтып отыр.

Болат Әмірғалиев
, Жол пайдалану мекемесінің басшысы:

Жағдайдың қиындауына ауа райы да кесірін тигізіп отыр. Жердің тоңы әлі түспегендіктен, еріген қар суы мол аумаққа кеңінен жайылуда. Бұл жеке тұрғын үйлер үшін қауіпті. Қазір қала бойынша қатерлі деп танылған бірнеше ауданды белгілеп, олардың әрқайсысына жауапты адамдарды тағайындадық.

Еркін ҚАРИН