Русский Сайттың толық нұсқасы

Бір тәуліктің ішінде күшті дауыл Атыраудағы 70-тен аса нысанға зиян тигізді

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2014
  • 1464

Ауа-райының асау мінезі атыраулықтарды біраз әуре-сарсаңға салды. Тек бір тәуліктің ішінде күшті дауыл облыстағы 70-тен аса нысанға зиян тигізді. Зардап шеккендер жоқ. Екпіні секундына 25 метр болған күшті жел 40-тан астам нысанның шатырын жұлып кеткен. Оның жартысына жуығы әлеуметтік нысандар. Қаладағы кейбір мөлтек аудандарда, сондай-ақ бірқатар елді мекенде электр жүйесі үзілді. Алапат дауыл жолындағыларды жайпап өтті. Кейбір аялдамалар да құлады. Шатырлар құлап, сол маңдағы көліктерді жарамсыз қылды.


Айгүл Сабалақова,  Атырау қаласының тұрғыны:


Шатыры машиналардың үстіне құлады. 5-6 машинаға құлады. Мына машина - біздің машина. Несиесін төлеп отырмыз ай сайын. Енді иесі келген жоқ, акт жасайтын ешкім болған жоқ. Машинамның жөндеуге келмейтінін көріп тұрсыздар. Ақшасын машинаның кімнен сұраймыз.


Марат Құрманов, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:


Соңғы мәлімет бойынша, ауа-райы облыстағы 76 нысанға әсер етті. Үлкен зардап шеккен нысандардың бірі Атырау халықаралық әуежайы. Әуежай нысанының шатырының жартысы, терминалдың шатыры жұлынды. Әуежайдан адамдар оқшауланды. Кейбір рейстер тоқтатылды. Қазір бәрі қалпына келтірілді. Барлық бағыттағы ұшақтар ұшып жатыр. Сонымен қатар мұз айдының да шатыры ұшып кетті.


Бүгін аймақта ауа-райы біраз тынышталды. Табиғаттың тосын мінезінен кешіктірілген Стамбул, Астана, Алматы, Ақтау қалаларына жол тартатын ұшақтар бүгін ғана көкке көтерілді. Дегенмен құтқарушылар бүгін де жел екпіні қатты екенін айтады. Секундына 17-22 метр аралығында болады деп ескертіп отыр. Ал ауа-райын болжаушылар бұл көктемге тән қалыпты ауа-райы екенін айтады. Олардың ақпаратына сенсек, күшті жел апта соңына дейін жалғаспақ.


Күлайна Мырзашева, «Қазгидромед» РМК АОФ бөлім басшысы:


Бұл аномалияға жатпайды. Себебі жыл сайын осындай мезгілдерде болып тұрады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты желдің тұрақсыз болып, күрт өзгеріп, жауын-шашынмен сайма-сай келіп қалған кезде, екі түрлі фронт сәйкес келіп қалады. 


Базаргүл ІЗІМОВА