Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жас жігіт РГД-5 әскери гранатасының жарылуынан қаза болды

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2014
  • 882

Алматыдағы көпқабатты үйде болған жарылыстың себептерін анықтау үшін полиция арнайы сараптама жүргізеді. Ал жас жігіттің РГД-5 әскери гранатасының жарылуынан қаза болғанын растады. Алайда мүгедектік арбаға таңылған адамның қолына жарлығыш зат қайдан түсті деген сұрақтың басы ашық. Көршілері өзін өлімге қиған Роман Поздняковтың отбасын жақсы жағынан сипаттайды. Он екі жылдан бері жарымжандар санатына енген жігіт жан күйзелісіне ұшыраған деген болжам бар. Оқиғаның мән-жайын Ришат Асқарбекұлы анықтауға тырысты. 


Жарылыс сол маңдағы көп қабатты үйлердің тұрғындарын қатты шошытқан. Ел аяғы әлі басыла қоймаған сәтте дүмпу мына үйде болды. Бірінші қабаттағы пәтердің терезелері сынған. Жарылыс болған жерге дереу жеткен криминалдық полиция тергеуді бастады. Ал денесі бөлшектеніп кеткен жігіттің мүрдесін арнайы көлікке тиеп алып кетті.


Сама лично видела, как он весь разорванный лежал. Весь в кусках. Нет тела вообще. Кругом мясо, ноги, руки валяются. Такой взрыв был, что разорвало его. 


Оқиға орнына жеткен арнайы қызмет өкілдері РГД-5 гранатасы жарылды деген шешімге келді. Төтенше жағдай 28 жастағы жігіттің жатын бөлмесінде орын алған. Ал сол сәтте үйде тағы да екі адам болған. Олар Роман Поздняковтың анасы мен жамағайыны еді. Абырой болғанда, олар зардап шекпеген.


Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз хатшысы:


Ол азамат 2002 жылдан бері мүгедектер санатына еніп, өздігінен жүріп-тұра алмаған екен. Ал ол РГД-5 жарылғыш грананатысын қайдан алғанын қазір мамандар анықтап жатыр.


Жақындарының айтуынша, мүгедек болып қалған Роман осы уақытқа дейін орнынан тұрып кетудің амалдарын қарастырумен болған.


Тіпті анасымен бірге Қытайға барып ем-шара іздеген. Ал пәтеріне арнайы құрылғыларын орнатып, дене жаттығуымен айналысқан. Ғаламторға жариялаған мына бейнематериалдарға қарағанда, ол біршама оңалып қалған.


Достары алып шығып қыдыртып жүргенін көретінмін, басқасын білмеймін. Бірақ кешегі жарылысты естідік, шошып кеттік балалармен бірге.


Отбасы өте жақсы. Байсалды. Жігіт те ылғи ашық-жарқын жүретін. Бірақ неге екені белгісіз соңғы жылдары ол ауруға шалдығып қалды.


Қазір полиция бұл оқиғаны жіті тексеріп жатыр. Құқық қорғаушылар өздігінен жүре алмайтын жігіттің жарылғыш затты қайдан алғанын анықтауы тиіс. Жарылыс орнына келген саперлер өзге қауіпті жарылғыштарды таппады.


Романның таныстары ол өмірге құштар әрі емен-жарқын болатын деп еске алады. Ол орнынан тұрып кету үшін жасайтын жаттығуларын өзгелерге үлгі етіп, ылғи ғаламторға салып отырған. Тіпті кеше оқиғадан он минут бұрын ғана әлеуміттік желіге шығып, достарымен пкірлескен. Сондықтан оның өзіне-өзі қол салу әрекетіне не түрткі болғанын жақындары да біле алмай отыр.


Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ