Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысында бұрқасында адасып кеткен қойшы табылды

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2014
  • 1072

Ақтөбе облысында бұрқасында адасып кеткен қойшы табылды. Алға ауданының тұрғыны 18 наурызда үйінен шығып, көзге көрінбейтін боранда адасып кеткен.  Тәуліктен аса уақыт іздеу салынып, тек кеше түс ауа ғана табылған. Құтқарушылар оны «Вадим» шаруашылығынан 12 шақырым жерден тауып алыпты. Тірі болғанымен, қатты тоңған. Өздігінен қозғалуға мұршасы келмегендіктен, шопан дереу Алға аудандық ауруханасына жеткізілді.

Өткен тәулікте Ақтөбе облысында қалың боран тағы жалғасты. Ақтөбе-Орск жолында әлі де жүздеген көлік кептелісте тұр. Арнамызға хабарласқан жүргізушілер 18 наурыздан бері жол жоқ дейді. Азық-түлік пен жанармай таусылуға айналған.


Есей Шыналиев, көлік жүргізушісі:


Әлімбетовка мен Батамшаның ортасында өте көп машина жатыр. 90%-да солярка жоқ. Бензин жоқ. Тамақ жоқ. Бір үзім нанды бөлісіп бір-бірімен. "Қазавтодордың" екі техникасы алдымызда тұр. 500 метрдей.


Айта кетейік, бір тәулік ішінде Ақтөбе облысының жолдарында 600-ден астам көлік қар құрсауында қалды. Құтқарушылар мен жол тазарту қызметі жүздеген азаматты құтқарды. Әзірге облыстың барлық жолдары жабық. Желдің жылдамдығы секундына 20-25 метрге жетеді. Мамандар тұрғындардан алыс сапарға шығудан бас тартуды сұрап отыр. Ал жол бойында қалғандарға құтқарушылар әлі де болса күте тұруға тура келеді деді.


Әсет Сүйінов, «Қазақавтожол» ММ Ақтөбе облыстық филиалы бөлімінің бас маманы:


Республикалық жолдарда тіпті дым көрінбейді. Жол тазалауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен біздің қызметкерлер қарап отырған жоқ. Ереже бойынша қар тазалау жұмыстарын боран басылғаннан кейін жүргізу қажет.

 

 Мансұр ЕСҚОЖИН