Русский Сайттың толық нұсқасы

Екібастұздықтар Ұлыс күнін әлеуметтік акциялар арқылы атап өтті

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2014
  • 1433

Екібастұзда Ұлыстың ұлы күнінде соғыс ардагерлеріне қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, қаланың 26 тұрғынына пәтер кілті табысталды. Арасында 18 жетім, 6 бюджеттік сала қызметкері, сондай-ақ, аз қамтылған 2 отбасы бар. Кеншілер шаһарының әкімдігі игі іске демеушілерді де тартқан. Қоныс тойын тойлаған ағайынның шыңырағында болған әріптесім Әсемгүл Мұхитқызының материалында толығырақ.

Октябрина әжей осы қарашада 90 жасқа толады. Ол Ресейдің Киров өңірінде туғанымен, әкесінің қызмет ауыстыруына орай Қиыр Шығыста өскен. Айтуынша, соғыс басталған кезде майданға өзі сұранған. Сұрапыл соғыста медбике болып, көмек көрсеткен. Сондықтан, болар «өмір мен өлімнің айқасын бір кісідей білемін» деп күрсінді.

Октябрина Борисова
, Ұлы Отан Соғысының ардагері:

Маған медаль берілетінін айтты. Шыны керек, біз медальдар жайлы ойлаған да жоқпыз. Бізге олар қажет те емес еді. Сондағы бар мақсатымыз - Отанымызды қорғау, сосын аман қалу, сөйтіп ұлы Жеңіс күнін көру болатын.

Азапты күндер артта қалып, бүгінде мақсатына жеткен қарияны жергілікті атқамінерлер әз-Наурызбен құттықтады. Күн мен Түн теңелетін Жаңа күн, енді біреулер үшін есте қалар қуаныш сыйлады. Энергетиктер көшесінде көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Жаңа баспанадан пәтер алғандардың бірі - Василя Қырықбаева.

Василя жетімдер үйінде тәрбиеленген. Қуанышы қойнына сыймаған ол, «алдағы өмірім - бұлыңғыр еді. Үміттен гөрі күдік басымырақ болатын. Ал, енді келешекке нық қадам жасауға негіз бар», - дейді.

Василя Қырықбаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Осы пәтерді мен 7 жыл күттім. Бүгін өте қуаныштымын. Рақмет сіздерге, бәріне.

Тіршілік жаңаратын жаңа күнді, шаһардағы кішкентай тұрғындар да сән-салтанатымен атап өтті. Арнайы «Мұшел жас» деген сайыс ұйымдастырып, 10 бала «Мүшел жас» деп аталған байқауда бақ сынады.

Мереке барысында қала тұрғындары мен қонақтары салт-дәстүр, ырым-жоралғыларға куә болды. Әсіресе, ұршық иірген қыздар мен қамшы өрген жігіттердің өнеріне көпшілік тәнтті болды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ