Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркияның Ескишехир шаһары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін Татарстанның Қазан қаласына табыстады

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2014
  • 1598

Бүгін Түркияның Ескишехир шаһары «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін Татарстанның Қазан қаласына табыстады. Салтанатты шара түркі күнтізбесі бойынша жаңа жылға орай ұйымдастырылды. Сондықтан Ескишехирге түбі бір түркі жұрты өкілдері тегіс жиылып, биылғы наурыз тойын бірге қарсы алды. 


Сол дүбірлі тойдың куәсі болған біздің Түркиядағы әріптесіміз Ержан Жүніс қазір байланысқа шықты. Ержан, Әз-наурыз мейрамын алыстағы бауырларамыз қалай атап өтуде, мерекелік көңіл - күйі қандай?


Ержан Жүніс, тілші:


Күн мен түн, бай мен жарлы, хан менен қараша теңелетін Ұлыстың ұлы күнінде ұлттар мен ұлыстар да достықтың, бірлік пен ынтымақтың жоғары үлгісін көрсетуде. Халықтың мерекелік көңіл-күйі көтеріңкі. Жылдан жылға аман-есен жеткендеріне қуанып, бір жас қосуларымен құшақтасып, төс қағыстырып құттықтауда.


Ескишехирдің орталық алаңына түбі бір түркі жұртының ауылы тігілді. Мәртебелі меймандар үшін әр үйдің маңдайшасына сол елдің атауымен байрағы ілініп тұр. Дегенмен қырық үйлі ауылда қазақтың шаңырағын таппай адасу мүмкін емес. Төрден ойып орын алған киіз үй алыстан мен мұндалайды.


Зафер Селви, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі:


Осы жерде Түркі дүниесінің Ескишехирде ұйымдасытырылған наурызға құттықтап қазақ баласы болып келіп отырмыз. Түркі әлемінің наурызы құтты болсын, ата жұрттағы еліміздің де, жұртымыздың да наурызы құтты болсын!


Түркі дүниесінің бас қаласы ретінде Ескишехир бір жыл бойы бауырлас халықтардың басын жиып, жалпыға ортақ жобалардың ұйытқысы бола білді. Төрт түліктің төресі жылқы жылы да туыс елдер үшін табысты, берекелі болатынына сенім зор. Өйткені наурыз тойда айтылған бата-тілектер ағайынның татулығы, елдің тыныштығы.


Акбар Яссы, «Түркістанлы» мәдени орталығының төрағасы:


Биылғы наурыз тойына түркі халықтары түгел жиылды. Айтулы мерекеден ешкім қалыс қалған жоқ. Барлығымыз тегіс жиылдық. Өйткені көктемнің бұл шуақты мейрамы тіршіліктің бастауы. Сондай-ақ достық пен бауырмалдықтың да ұлық мерекесі. Мен барлық түркі жұртын, Қазақстандағы ағайынды жыл басымен құттықтаймын.


Наурыз мейрамы қайта жанданып, жаңаша тойлана бастады. Ұзақ үзілістен соң 1993 жылы Түрксой халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен наурыз елдің әр аймағына тарады. Қазір ол халықты ұйыстыратын жалпы ұлттық мерекеге айналды. Бұл күні ежелгі аңыз-дастан бойынша наурыз оты жағылып, адамдар алаудан біртіндеп секірулері тиіс. Одан соң отта балқыған темірді соғып, көктем келгенін хабарланады. Осы кезде қала көшелерінде Осман империясы әскерлерінің салтанатты шеруі өтеді. «Мехтер» әскери оркестрі жауынгерлік рухтағы әуендер орындап, халықтың еңсесін тіктейді.


Ержан Жүніс, тілші:


Ескі шаһардағы наурыз тойына түркі тілдес 30 елден тілшілер мен 400-ден астам өнерпаздар қатысуда. Мерекелік шараны 300 млн халық тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік алды. Әлбетте, қазақ елі де ол мүмкіндікті құр жіберген жоқ. 


Түркияның Ескішехир қаласынан хабар жеткізген арнаулы тілшіміз Ержан Жүніс.