Русский Сайттың толық нұсқасы

Малайзиялық боингті апатқа қасақана ұшыратты

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 982

Үнді теңізіне құлаған Malaysia Airlines әуекомпаниясының ұшағы қасақана жасалған әрекеттің салдарынан апатқа ұшырады деген болжам бар. Бұл туралы БАҚ өкілдері өздерінің ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Болжам бойынша, апат себебі өртпен де, техникалық ақаумен де байланысты емес. Ақпарат бойынша, ұшақ қалыпты жағдайда жұмыс жасаған. Яғни, белгісіз біреу алдын ала жасалған жоспар бойынша әрекет еткен. Алайда тергеушілер әзірге бұл қадамның қандай мақсатпен жасалғанын анықтаған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Малайзия премьер-министрі жоғалған ұшақтың Үнді теңізінің оңтүстік бөлігіне құлағаны жайында мәлімдеме жасаған болатын. Әуе кемесі жетінші наурыздан сегізіне қараған түнде бақылау құрылғыларынан жоқ болып кеткен. Техникалық ақаулар жайында хабарлама жасалмаған. Экипаждың байланысқа соңғы шыққанында ұшақ Малайзия жағажайынан 220 шақырым жерде болған.