Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда оқушы қызды өлтірді деп айыпталған Виктор Бахаревке қатысты сот процесі басталды

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 1222

Павлодарда оқушы қызды азаптап өлтірді деп айыпталған Виктор Бахаревке қатысты сот процесі басталды. Айыпталушының қалауы бойынша, шешімді 12 адамнан жасақталған алқа билері шығарады. Отырысқа ақпарат құралдарының өкілдері қатыспайды. Қылмыстық-процессуалдық Кодексте «кәмелетке толмағандарға қатысты сот істерінің» жабық түрде өтетіні қарастырылған. Өткен жылы күзде Кереку өңірін дүрліктірген оқиға жайлы тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы толығырақ.


Анастасия Шарипованы зорлап, азаптап өлтірді деп айыпталып отырған Виктор Бахаревке қатысты істі алқа билері қарап жатыр. Алдын ала болған сот отырысында айыпталушы өзін «судьяның емес, адамдардың» соттағанын қалаған еді. Бүгінгі процесске де бұқаралық ақпарат құралдары жіберілмеді. Құрамы көпке дейін іріктелмеген алқа билерінің әділ шешім қабылдайтынына айыпталушының туыстары күмәнді.


Антонида Зверьева, В.Бахаревтің әпкесі:


Меніңше, сот объективті өтіп жатқан жоқ. Бұған отырысқа қатысқан сайын куә болудамыз. Мысалы, мен бірнеше мәрте аудио-видео жазылым жүргізілсін деп өтініш жаздым. Бірақ бұны ескермеді. Тіпті бірден «қанағаттандырылмады» деген жауап қатты судья.


Өткен жылдың күзінде Ақсу қаласы Евгеньевка ауылында 8-сынып оқушысы Анастасия Шарипова із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Араға екі апта салып оның мәйіті ауыл маңынан табылған еді. Шұғыл іздестіру барысында полицейлер күдікті ретінде 20 жастағы Виктор Бахаревті құрықтаған. Ол кінәсін мойындап, түсініктеме бергенімен, артынша қылмысты жасамадым деп ақталды.


Бауыржан Азанов, В.Бахаревтің қорғаушысы:


Ол жазбаша түрде барлық жауаптардан бас тартты. Бұған дейін кінәсін мойындағаны рас. Алайда оны қысым көрсеткен соң мәжбүрлі түрде жасадым деп жазды. Сосын қорғаушының қызметі де керек емес деп еді ғой. Оны да Виктор қысым болған соң жасапты.


Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Виктор Бахаревқа қатысты қылмыстық іс үш бап бойынша қозғалған. «Кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлау», «Зорлық көрсете отырып, адам өлтіру» және «қылмысты жасыру мақсатында жасалған қылмыс». Мамандар бәрі ауыр қылмыстар деп отыр. Сондықтан жазасы да қатаң болмақ. 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бақи темір торға тоғытылуы ықтимал. Соттың кезекті отырысы сәуірдің 7-не белгіленді.


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ