Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 1350

Шымкентте АН-72 ұшағының апатқа ұшырауына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға 2012 жылдың 25 желтоқсанында болған еді. Шекара қызметінің басшылары мінген ұшақ әуежайға 20 шақырымдай қалғанда, апатқа ұшыраған. Төртінші сот отырысында түсіру тобына санаулы минутқа ғана кіруге рұқсат берілді. Алайда куәгерлердің уәжін тыңдау мүмкін болмады.

27 адамның өліміне себепші деп айыпталған «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері 27 жастағы Қанат Ақылбеков. Мемлекеттік айыптаушы әскери ұшақтың құлауына оның кәсіби біліктілігі төмен болғаны себеп деген. Бүгін түске дейін 1 ғана куәгер тыңдалды. Ол - апатқа ұшыраған АН-72 ұшағынан кейін араға он минут салып Шымкент әуежайына келіп қонған ЯК-42 ұшағының командирі. 38 жылдық тәжірибесі бар ұшқыш диспетчерден ағаттық кетті дегенге сенбейді.


Александр Кабанов, ЯК-42 ұшағының командирі:


Ұшқыш дұрыс әрекет жасамаған. Кез-келген тәжірибелі ұшқыш ауа-райының қолайсыздығына қарамай, өздігінен шешім қабылдауы тиіс. Ол білікті маман ғой. Қандай қиындық болса да, ұшақты қондыруы тиіс еді. Меніңше, биіктік өлшегіш құрал істен шыққан. Оның орнына көмекші құрал бар емес пе? Соның көмегімен-ақ тығырықтан шығуға болады.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ