Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер жол азабын тартуда

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 1445

Жол азабын жүрген біледі. Бұл мәтел оралдық көлік жүргізушілері ғана емес, жаяу жүргіншілердің де басындағы ауыртпалықты дәл жеткізіп тұрғандай. Мұндағы жолдардың ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегені өз алдына. Таудағы бұралаң жолға бергісіз кейбір көшелерде қоғамдық көліктің қозғалысы да тоқтаған.


Сүндетқали Есқалиев көшесіндегі күнде қайталанатын бұл көрініс қала тұрғындарына тансық емес. Шахардағы көшелердің басым бөлігі күн жылына бере көл-көсір судың астында қалады.


Асфальт түгілі, қиыршық тастың өзінен жұрдай мынадай көшелерді Оралда саусақпен санап тауыса алмайсыз. Біз де қазір осындай көшелердің бірінде жүрміз. Бұл жермен көлік түгілі, адам жүре алмайды. Сондықтан аяқ жолыңызға абай болмасаңыз, үстіңізді былғап, бүлдіріп алуыңыз әбден мүмкін.


Үйіне жете алмағандар көлігін көшеге тастап кетсе, жаужүректік танытқан жүргізушілерді шалшық пен батпақ осылай жазалайды.


Мұндайда сырттан көмек шақыртпаса, жағдай қиын. Игорьға бұл жолы да туысы көмекке келіп, саз балшықтың шырмауынан құтылды.


Игорь Антонов, көлік жүргізушісі:
 

Былтыр бұл көшеге кәріз құбыры жүргізілді. Сол кезде құрылыс материалдарын тасыған ауыр жүк көліктері жолды жарамсыз қып тастады. Осы көшеге батқан джип көлігін ешкім шығара алмай, көшеде үш күн иесіз тұрды. Көше құрғағаннан кейін ғана, иесі мәшинесін кранмен көтеріп әкетті.


Оралдағы қалаішілік жолдардың ұзындығы 600 шақырымға жуықтайды. Оның тең жартысынан астамында асфальт жоқ. Көбісі жөндеуге зәру. Қала әкімінің сөзіне сенсек, 2013-ші жылға 37 көшені жөндеу жоспарланған. Оның 15-іне ғана күрек тиіпті. Жөндеуге қазынадан 2 млрд 300 миллиондай теңге жұмсалды. Алайда Гагарин көшесіндегі тас жолдарды жыл толмай жатып су шайып кеткен.


Бекжан Тоғжанов, Орал қалалық ТҮКШ және АЖ бөлімі басшысының орынбасары:


Қазір оның себебін анықтап жатырмыз. Жолды қабылдау кезінде комиссияға құжаттарды мердігер ұсынған, барлығы да қалыпты болды. Жолдың не себепті опырылғаны бізге белгісіз. Бірақ 3 жылға кепіл қағаздары бар соның аясында шара қолданатын боламыз.


Мамандар жолдардың сын көтермейтінін мойындайды. Тіпті асфальты жоқ көшелердің салдарынан қала ішіндегі кейбір қоғамдық көліктер қозғалысын тоқтатты деп отыр.


Асқар Мұқанов, Орал қалалық ТҮКШ және АЖ бөлімінің сектор меңгерушісі:


Жолдың жағдайы нашар. Күн сайын он шақты автобус сынып, істен шығады. Кейбір автобустар жарамсыз болды. Сондықтан кейбір автобустардың қозғалыс бағытын уақытша өзгертуге мәжбүр болдық.


Биыл қалаішілік көшелерді жөндеуге 4 миллиард 700 мың теңге қарастырылыпты. Оның 1 млрд 700 мың тенгесін "Қарашығанақ петролеум" мекемесі бөлген. Жалпы 20-дан аса көше жөнделмек. Жағдайы мүшкіл деп танылған 3 көшені күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Бұл жұмыстар мамыр айының аяғында басталауы тиіс.


Еркін ҚАРИН