Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік этно-мәдени орталықтар Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынына дайындық үстінде

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 2790

Ақтөбелік этно-мәдени орталықтар сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті жиынына қызу дайындық үстінде. Өткен жиынның тапсырмаларын пысықтап, жобалардың қорытындысы жасалып жатыр. Жүзден астам ұлт өкілдері мекен ететін аймақта мәдени орталықтардың еңбегі жеміссіз емес. Татулыққа үлес қосып, Елбасының саясатын жүзеге асыруда. {. +СЮЖЕТ: }


Осыдан 5 жыл бұрын Елбасының өзі ашқан «Достық үйі» бүгінде 18 мәдени бірлестік үшін киелі шаңыраққа айналды. Бұл жерде түрлі ұлт өкілдері бас қосып, мерекелік шараларға дайындалады. Сондай-ақ жексенбілік мектептерде ана тілімен қоса, мемлекеттік тілді үйренеді. Кез-келген игі бастаманы қолдауға даяр орталық өкілдері мерекелік концертті толығымен қазақ тілінде өткізуді ұйғарыпты.


«Достық үйінде» өтетін шаралардың қай-қайсысы болса да жастардың жан-жақты дамуына, бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған. Аға буынның бұл бастамасын жүзеге асыруға қарттар да, жас буын да белсене атсалысады.


Равиль Курбангалиев, Ақтөбе облыстық «Шаттлык» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:


Ассамблеяның басты міндеті  - ол біріктіру ғой. Біз балаларымызды достыққа, бірлікке баулимыз. Облысымыздағы 18 этно-мәдени орталықтар бір шаңырақ астында. Міне мұның өзі атқарылып жатқан үлкен шаруа.


Өңірдегі этно-мәдени орталық өкілдері шаһардың әлеуметтік-мәдени өмірінде өте белсенді. Олар «Береке басы - бірлік» сөзін ту ететіндерін жасырмайды.


Шахбаз Илалоглы Джамалов, «Әзірбайжан ассоциациясы» ҚБ Ақтөбе ОФ төрағасы:


Бірлік болмаса, ел арасында, халық арасында сол жерде береке болмайды. Тыныштық болмайды. Мысалы, мына Украинада не істеп жатыр? Тіпті бір халық өз арасында қандай машақаттар жасап жатыр?


Достық үйінің өкілдері қазір Қазақстан ұлттары Ассамблеясының сәуірде өтетін алқалы жиынына қызу дайындық үстінде. Осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарын пысықтап, алға қойған мақсаттарын айқындауда. Кезекті жиын жаңа бастамаларға мұрындық болатынына сенеді.


Мансұр ЕСҚОЖИН