Русский Сайттың толық нұсқасы

Play-off ойындарында сынға түсіп жатқан елордалық «Барыс» командасы тағы да сүрінді

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2014
  • 1055

Плей-офф ойындарында сынға түсіп жатқан елордалық «Барыс» командасы тағы да сүрінді. Соңғы екі кездесуін Уфа қаласында өткізген Ари Пекка Селиннің шәкірттері «Салават Юлаев» клубына жол берді. Екі команда арасындағы 5-ші ойын 27-ші наурыз күні Астанада өтеді.



Көкшетау қаласының «Арлан» командасы алғаш рет play-off ойындарының ақтық сынына жолдама алды. Бұл сында Атырау қаласының «Бейбарыс» клубымен сынға түскен Владимир Клинганың шәкірттері 5 кездесу қорытындысы бойынша 4:1 есебімен басым түсті. Екі команда арасындағы соңғы кездесу Астана қаласында өтті. Кездесу басынан «Бейбарыс» командасына қақпасына лап берген «Арлан» хоккейшілері 2:0 есебімен алға шықты. Алдымен, Бен О'Коннор есеп ашса, артынан Владимир Маркелов есепті еселеді. Қарымта шабуылға шыққан Александр Истоминнің шәкірттері Максим Игнатовичтің көмегімен бір голмен жауап берді.

Бірақ Атырау қаласы хоккейшілерінің қуанышы көпке созылмады. Үзілістен кейін жылдам шабуыл ұйымдастырған Владимир Клинганың шәкірттері есепті ұлғайтты. Бұл сәттерде Владимир Маркелов пен Ростислав Гашпар мергендігімен көзге түсті.

Өз кезегінде «Бейбарыс» командасы есепті бір шайбаға дейін қысқартқанысмен олардың одан артыққа шамалары келмеді. Енді финалда «Арлан» командасы Павлодардың «Ертіс» клубымен чемпиондық атақты сарапқа салады.



АҚШ-тың Майами қаласында теннистен халықаралық турнир жалғасуда. Дәрежелі жарысты сәтті бастаған Швейцария спортшысы Роджер Федерер ширек финалға жолдама алды. Төртінші кезеңде Федерер Франция теннисшісі Ришар Гаскемен кортқа шықты. Кездесу басынан тура соққылармен ерекшеленген швейцариялық бірінші сетте 6:1 есебімен алға шықты. Үзілістен кейінде алған бетінен қайтпаған Роджер Федерер ұпай санын түгендеді.

Өз кезегінде жиі қателесіп, қарсыласының қарқынына төтеп бере алмаған Ришар Гаске аяғы жеңілісін мойындады. Келесі ойында Испания теннисшісі Рафаэль Надаль Италия спортшысы Фабио Фонинимен жолықты. Бұл ойында біржақты өтті. Бірінші сет басынан қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеген әлемнің бірінші ракеткасы екі сетте 6:2, 6:2 есебімен кездесуді өз пайдасына шешті.

Самат ҚАНАҒАТОВ