Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы тасқын суды енді шабындық жерлерді суландыруға пайдаланбақ

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2014
  • 1227

Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқын суды енді шабындық жерлерді суландыруға пайдаланбақ. Бұл үшін облыс қазынасынан 131 миллион теңге бөлініпті. Қаржы жаңа бастаманың құжаттық негіздемесін жасауға жұмсалады. Ал өңірдегі 108 мың гектар шабындық және жайылымдық жерлер лимандық суландыруға жарамды деп танылыпты.

Жыл санап батыс өңірде су тапшылығы қатты сезіліп келеді. Бұл әсіресе мал азығын дайындау ісіне кесірін тигізіп отыр. Аймақтағы өзен-көлдердің арнасы тартылып, көлтабандардың жағдайы да нашарлап барады. Сондықтан, көктемгі жылымық кезінде далаға босқа ағып кететін тасқын суды кәдеге асыру жоспарланып отыр.

Биылдың өзінде Батыс Қазақстанда 10 арна іске қосылмақ. Лимандық суландыру жүйесі қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Бұл үшін алып су бөгендері мен өзге де инженерлік құрылымдарды салып қажеттілігі жоқ. Бар болғаны жоғарыдан ағып келетін өзен суын арнайы белгіленген жерлерге бұра қойса болғаны.

Асхат Шахаров, БҚО, Қаратөбе ауданының әкімі:

Ең басты мақсатымыз - ол биыл Қалдығайты суару жүйесін өз қалпына келтіру. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамаларға қаражат бөлінді. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін 20 мың гектар жеріміз осы қамтылады.

Еркін ҚАРИН