Батыс Қазақстан облысындағы Шоңай ауылы маңына құлаған ресейлік зымыранның
апатқа ұшырау себептері анықталды. Апат қылмысқа жатқызылмады. Бұл туралы
арнамызға апатқа орай жедел құрылған комиссия төрағасы Бөкей ордасы ауданы
әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев хабарлады. Оның айтуынша, Ресейдің
Екатеринбург қаласындағы «Новатор» зауытының өкілдері апат орнын тексерген.
Мамандардың пайымына сүйенсек, зымыран ұшқан кезде іштей тұтанған.
Соның кесірінен бағытынан ауытқып кетсе керек. Зерттеушілер радиация деңгейі
қалыпты мөлшерден 6 есеге дейін төмендігін анықтапты. Ал полиция бұл оқиғадан
ешкім зиян шекпегендіктен, қылмыстық іс қозғаудан да бас тартыпты. Тиісті
құжаттарын ұсынған ресейліктер бұл құрылғының бар болғаны метеорологиялық
зымыран екендігін көрсеткен. Осыны негізге алған комиссия аталған аудан мен
қазақ жеріне еш залал келмеді деген ұйғарымға келген.
Қазір зымыран құлаған
жерді ресейліктер тегістеп, бүлінген жер қыртысын қалпына келтіріп жатыр. Еске
салайық, Капустин Яр полигонынан ұшырылған МН 300 зымыраны Қазақстан аумағына
27 наурызға қараған түні құлады.
Рүстем Зұлқашев, БҚО Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары:
Ресейліктерден, жаңағы шығарушы зауыттың өкілдері келді. Олардың айтуы
бойынша, соплосы ұшып, жарылыс болған ғой двигательдің ішінде. Содан кейін ракета
басқарылмай, инерциямен ұшады әрі қарай. Ал сол инерциямен келе жатады да,
Шоңайдың қасына түседі. Райвоенкоматқа әкеліп қойдық, жоғарыдан шешілсе, мысалы,
бер десе береді, шешім қабылдайды Астанадан.
Еркін ҚАРИН