Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" төрт жүзге жуық салымшысы наразылық білдіріп жатыр

  • AstanaTV
  • 31 наурыз 2014
  • 2396

«Қолжетімді баспана» бағдарламасының кезекті шикілігі. Ақтауда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" төрт жүзге жуық салымшысы наразылық білдіріп жатыр. Бағдарлама бойынша салынған үйді тапсыру мерзімі бір жарым жылға артып кетті. Сарсаңға түскен салымшылар құрылыс барысында кілтипан шығып, баспана түске айналды дейді. Ал әкімдік өкілдері мен тапсырыс берушілер сабырға шақырудан жалықпайды. 


5 миллиард ақша қайда кетті? Бүгінгі таңда біз сонда далада қала беруіміз керек па, 2020- ға қосылып? Или 2020- ға дейін жүре беруіміз керек пе?


Қоныс тойы бір жарым жылға кешікті. Мына елуден астам отбасы «Аққу» шағын ауданында орналасқан өздеріне тиесілі үйдің маңына тағы жиылды. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" қаржы салған олар бір жарым жыл бұрын пәтерлерін алуы тиіс еді, дегенмен әлі күнге көшіп-қонып, үй жалдап өмір сүруге мәжбүр. Ал банк тұрғын үйдің іргетасы қаланған күні-ақ құрылыстың толық тоқтағанын айтыпты.


Сәнімай Ақботаева, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы:


Үкімет қамқорлыққа аламыз, қолдаймыз дейді. Осы менің қызым 17 жастан бастап тіркелді мемлекеттік бағдарламаға. Одан бағдарлама жабылды деп, лақтырып тастады, одан қайтадан қалпына келтірді. Есіміз шығып кетті. Біз салып жатырмыз ғой ақшаны ішпей-жемей, балаларымызды балабақшаға беретін ақша да жоқ. Бәрін осы банкке салып жатырмыз.


Динара Құспан, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы:


Неге кінәлі тұлғалар тарапынан халықтың алдында түсіндірулер мен кешірімдер жоқ? Екіншіден, Елбасымыздың халыққа Жолдауы осы күнге дейін орындалмауда? Неге Елбасының халыққа Жолдауына құрмет білдірілмеуде?


Тұрғын үйдің іргетасы 2011 жылы қаланған. Дегенмен бір жылдан соң мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы тексеріс жүргізіп, жабын тақтасының бүгілгенін анықтайды. Қауіпті сейілтіп, қателікті түземейінше, әкімдік жұмысты кілт тоқтатып тастаған.


Суйіндік Алдашев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:


Сметалық-жобалық құжаттар дайындалып жатыр, осы сәуір айында бітеді деп отырмыз. Барлық нәтижесін алғаннан кейін жалғастыруды көздеп отырмыз. Бұл нысан құрылысы қайткенде де жалғасады, биыл болмаса, келесі жылы бітеді.


Ал құрылысты бастаған «Каспий» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы ашынған адамдарға уәдені үйіп-төгумен келеді. Әр шаршы метрін қайтарып беруге тағы да сөз берді.


Ибрагим Тагашев, «Каспий» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы:


Қайталап айтам, әкімшіліктің де, біздің де бағытымыз - осы үйдің құрылысын аяқтау. Құжаттар дайын болған соң, тез арада тұрғын үйдің құрылысын жалғастырамыз.


Шенеунік мемлекеттік сараптама қорытындысы сәуірде дайын болады дейді. Ал құрылысы тұралап тұрған тұрғын үй кешенінің дәл қай күні халыққа пайдалануға берілетіні сол күйі белгісіз.


Сымбат МОЛДАТАЙ