Тепсе
темір үзетін жігіттердің жартысына жуығы әскерге жарамсыз. Ал мектеп жасында
қозғалыс аппараты сырқатына шалдыққандар үш есеге, көру қабілеті нашарлағандар
саны бес есеге артқан. Бүгін Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Денсаулық
сақтау министрлігінің осындай дерегін жеткізді.
Дариға
Назарбаева,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне
қарағанда, 2012 жылы көктемде әскерге шақырылғандардың 30%-ы жарамсыз болып
шыққан. Ал 10%-ы бейбіт кезде әскерде қызмет етуге жарамсыз. Сонда жастардың 40%-зы
денсаулығына байланысты әскери борышын өтеуге жарамайды.
Депутаттың пікірінше, бұған жастардың спортқа
құлықсыздығы себеп. Сондай-ақ Назарбаева бұқаралық спортты дамыту үшін жағдай жасауға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына күмән келтірді. Айта кетейік,
2016 жылға дейін елімізде 42 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделген.
Биылдыққа жеті облыста 15 орталық тұрғызуға бюджеттен қаржы бөлінді.
"Спорт - денсаулық кепілі", - дей келе, депутат кәрі-жасы түгел ширақ
қимылдайтын Қытайды мысалға келтірді. "Бұған қоса баланың спорттағы нәтижесін
көзбен көру үшін, ата-ананы мектепке шақырту қажет. Ол бірден бір ынталандыру
тәсілі," - деді.
Дариға
Назарбаева,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мектепке
спорттық сайыстарға шақырғандары есімде жоқ. Үш балам оқып шықты. Үшіншісі әлі
де мектеп қабырғасында. Қазақстанның барлық жерінде осылай шығар. Әрине, жүгіру
кезінде балаң елдің соңында қалып, жер бауырлап жатса, ата-анасы намысқа
тырысып, мазақ болмас үшін барлық жағдайын жасайды ғой. Физика мен математиканың
барлығына бірдей қажеттігі даулы мәселе. Ал спорт бәріне керек. Дене шынықтыру
мамандығына басымдық берілуі керек. Дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығы
басқамен салыстырғанда неге төмен болуы керек?
Мөлдір
БАҚЫТҚЫЗЫ